Денсаулық сақтау

Қатерлі ісікке қарсы күрес оң нәтиже беруде

Марат Садықовтың сүт безі ауруы кезінде орын алатын радикалды мастэктамия дертіне шалдыққан емделушіге ота жасап шыққан беті. 2,5 сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Талай адамға өмір сыйлаған ақ халатты абзал жан жылына 700 -ден астам ота жасайды екен. Кішкентай кезінен дәрігер болуды армандаған Марат Көпейұлының еңбегі еленіп, 2010 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған, ал осыдан 4 жыл бұрын «Қаламыздың үздік дәрігері» атанған.

 

Марат Садықов, облыстық онкологиялық диспансердің маммология  бөлімшесінің меңгерушісі:

– Біздің бөлімшенің ашылғанына 8 жылдай уақыт болды, қазір жағдай біраз жақсарды. Жаңа жабдықтар, құрылғылар алынуда.Жалпы дәрігер үшін ең бастысы науқастың көңіл- күйі.

 

Бүгінгі таңда ауруханаға күніне 40-50 адам келіп, тексерістен өтеді. Ағымдағы жылдың ақпан айында Корей елінен әкелінген  бейнекульпоскоп аппаратының көмегімен жатыр мойыны ісігін ғана емес, сонымен қатар өзге де жыныстық және тері ауруларын анықтауға болады екен.

 

Елена Астанина, облыстық онкологиялық диспансердің онко-гинеколог дәрігері:

– Бұрындары бізде ауруларды жақыннан көру мүмкіндігі болмайтын. Қазір мына құрылғының арқасында біз қатерлі ісік дертіне шалдығу қаупі бар адамдарды да анықтап, қосымша тексерістерге жібере аламыз. Бірнеше есе үлкейтіп те қарап, тиісті суреттерді өзімізге қалдырамыз. Жаңа құрылғымен жұмыс істеу өте тиімді болып отыр.

 

Онымен қоса жыл басында ауруханаға күніне 40-50 адамды тексерістен өткізуге қауқары бар УЗИ  аппараты әкелінген. Жалпы аурухананың материалдық-техникалық базасы жыл санап жақсаруда. 2013 жылы жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында тағы бірнеше заманауи құрылғылар алу жоспарлануда.

 

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

– 2012-16 жылдары онкологиялық диспансерлердің барлығы тиісті құрылғылармен жабдықталуы қажет. Соған сай биыл біз компьютерлік томограф алуды жоспарлап отырмыз. Оның мүмкіншілігі өте зор.Оның арқасында біз тек аурудың диагнозын ғана анықтап қоймай, емдеу тәсілдерінде ала аламыз.

 

Соңғы жылдары облыста онкологиялық аурумен ауыратындардың саны 7521 адамға жеткен. Бұл республика бойынша өте жоғары көрсеткіш болып отыр. Алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіледі, скринингтік тексерістер тегін өткізіледі. 2014 жылы да ауқымды скринингтік шаралар легін ұйымдастыру жоспарлануда.