Білім

Компьютерлік сауаттылық курстары

Тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын ашу мақсатында облысымыздың 6 бірдей мектебінде арнайы оқыту курстары өтуде. Солардың бірі №13 орта мектепте орын тепкен. Бүгін мұнда мүгедектер, әлеуметтік аз қамтылған отбасы өкілдері білім алуда. Араларында заман ағымынан қалысқысы келмейтін зейнеткерлер де бар. Бағдарламаға сәйкес компьютерлік сауаттылыққа оқыту курстары 6 сағатқа жоспарланған. Одан кейін  арнайы сабақта алған біліміңді тексеріп көретін тест сұрақтарына жауап беріп, сертификат алуға болады.

 

Гүлмира Ерғалиева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Біздің басты мақсатымыз заман талабына сай тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын жетілдіру. Іс-шаралар “Ақпараттық Қазақстан-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Тыңдаушылардың барлығына арнайы информатика пәні мұғалімдері сабақ береді.

 

Арнайы курста тыңдаушылар ең алдымен компьютермен танысады. Яғни оны қосу, сөндіру. Содан кейін ғана компьютердегі бағдарламаларды терең меңгереді. 2-ші топтағы мүгедек Сәлімхан Сәбитов те арнайы оқыту курсынан өтуге келіпті. Тыңдаушы компьютерді бұған дейін мектеп қабырғасында және ЖОО меңгергенімен әлі де болса өз білімін әрі қарай жетілдіре түссем деген ниетте.

Компьютерлік сауаттылыққа оқыту курсы тегін өткізілуде. Тыңдаушыларға осы мектептің информатика пәні мұғалімі Леонид Яковченко дәріс оқуда.

 

Леонид Яковченко, компьютерлік сауаттылыққа оқыту курсының мұғалімі:

– Тыңдаушылар оқыту курсында екі деңгейде дәріс алады. Олар жас ерекшеліктеріне қарамастан компьютерді меңгеруге келуде. Өйткені кез-келген адам ғаламтормен жұмыс істегісі келеді. Бұл заман талабы.

 

Жалпы жыл соңына дейін жоспарға сәйкес 5 мың тұрғынды оқыту қажет. Ал бүгінгі күнге дейін 700-ге жуық адам арнайы сертификатқа ие болып отыр.

Бану Ахметова