МТРА жаңалықтары

Харламовтар әулетінің дәрігерлік өтілі бір ғасырдан астам

Валентина Харламова – өңіріміздің медицина саласына автоматтандырылған санақ жүйесін ендіруге үлес қосқан ақ халатты абзал жандардың бірі. 1976 жылы іске қосылған бастамасын әлі күнге дейін заман ағымына сай жетілдіре түсуге ден қойып жүр. 50 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты фтизиатр-дәрігер – талай ғылыми мақалалар мен әдістемелік құралдардың авторы. Барлығының тақырыбы бір – туберкулез ауруының алдын алып, сапалы ем көрсету. Тәжірибелі маманның қажырлы еңбегі бағаланып, денсаулық саласына қосқан үлесі үшін “Шапағат” медалімен марапатталыпты.

Валентина Харламова, СҚО туберкулезге қарсы диспансерінің әдістемелік ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:

– 1963 жылы еңбек жолымды бастағанда мың адамға шаққанда шамамен 120 тексерілушіден туберкулез ауруы анықталатын. Бүгінде көкжөтелге шалдыққандардың саны 80-ң шамасында. Осыдан бірнеше жыл бұрын қатерлі кеселдің бар-жоғын білу үшін үшін 2 ай уақыт жұмсалатын. Бұл кезең туберкулез таяқшасының ағзада жылдам тарап кетуіне әбден жеткілікті.

Бүгінде осындай өз ісі мен сертіне берік жандардың жұмылуымен құрт ауруын табу үшін бар болғаны 2 сағат кетеді екен. Ал, мына озық құрылғының көмегімен өкпенің түсірілімін санаулы секундтарда жасауға болады. Аталмыш емдеу мекемесінің сәулелік диагностика бөлімшесін Валентина Харламованың қызы басқарады. Шеше жолын қуған Светлана Харламованың Гиппократ антын қабылдағанына 19 жыл болыпты.

Светлана Харламова, СҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:

– Өмірлік үлгі болар адамым әрқашан көз алдымда. Ол – менің анам. Сондықтан, мамандық таңдауда еш күмән болған жоқ. Үйде де, жұмыста да кеңесінен аянбайды. Таңдауыма бір сәтке де өкініп көрген жоқпын. Адамдарды емдеу біздің әулеттің қанына сіңген сияқты.

Светлананың туған ағасы Дмитрий Харламов – облыстық аурухананың белді дәрігері. Осымен 20 жыл бойы неврология бөліміне түскен науқастарды емдейді.

Дмитрий Харламов, СҚО ауруханасының невропатолог дәрігері:

– Жанұямызбен дәрігерлік қызметті таңдағандықтан тәулік бойы білімімізді жетілдіріп келеміз деп айтсам артық болмайды. Көбіне әңгімеміз кәсіби тақырыпта өрбиді. Заман ағымы өзгерген сайын емдеу технологиясы да жетілдірілуде. Сондықтан, қызметімізге сай болуымыз керек. Жылда біліктілігімізді шыңдап тұрамыз.

Дмитрийдің өмірлік серігі Галина Харламова да денсаулық саласында қызмет етеді. Жары – дәл осы емдеу мекемесінің гематология бөлімшесінің меңгерушісі. Оның қарамағындағы 22 медицина қызметкерінің жіті бақылауымен жылына 600 науқас емделіп шығады.

Галина Харламова, СҚО ауруханасының гематология бөлімшесінің меңгерушісі:

Біз Дмитриймен медициналық институттың 1 курсында таныстық. Содан бері міне 25 жыл біргеміз. Бір-бірімізді жақсы түсінетін отбасына келгеніме қуаныштымын. Әрине қызмет жолымда қиындықтар болды. Бәріміз мәселелерді бір адамдай жеңіп, әбден сіңісіп кеттік.

Жалпы, Харламовтар әулетінің денсаулық сақтау саласындағы ортақ еңбек өтілі – 109 жыл. Бәрі де жоғары санатты дәрігер.

Жеңіс Ермұқанов