Ауыл шаруашылығы

Солтүстікқазақстандық диқандар егіс науқанын аяқтады

Өңіріміздің агроқұрылымдары көктемгі дала жұмыстарына мамырдың 15-нде кіріскен болатын. Егін себу маусымның 8-де толығымен аяқталды. Ырыс дәні сіңірілген аумақ – 3 миллион 620 мың гектар. Өңірімізде жыл санап мал басы артып келеді. Тек соңғы 2 жылдың ішінде ірі-қара саны 38 пайызға өскен. Оларды асырау үшін де қыруар жем-азық қажет. Сондықтан, биыл бидай алқаптары азайтылып, орнына майлы дақылдар мен жем-азық көптеп егілген.

Жер емген шаруаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Соның бірі – арзандатылған жанар-жағармай. Біздің облысымыздың биылғы қажеттілігі – 65 мың тонна. Ол шаруаларға дер кезінде жеткізілген. Минералдық тыңайтқыштардан да тапшылық жоқ. Машина-трактор паркі де жыл санап жаңарып келеді. Тек биылдың өзінде қуаттылығы жоғары заманауи 58 себу кешені сатылып алынған. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына қатыстырылған шетелдік техника саны – 1 мың 061. Олармен белгіленген алқаптың 70 пайыздан астамы игеріліпті. Осылайша, теріскейлік диқандар қауымы көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап, діттеген мерзімде аяқтап шықты. Ылғал қоры жеткілікті, ол – мол астықтың кепілі.

Самат Есмағи