Спорт

“СевКазЭнерго” АҚ қызметкерлері жеңіл атлетикадан үздік атанды

Петропавлда “Денсаулық” спартакиадасы жиі ұйымдастырылады. Сайыс бағдарламасына спорттың 13 түрі енгізілген. Бұл жолғы сында жеңіл атлетика жеңімпаздары анықталмақ.

Жанат Мұхаметқалиев, Петропавл қаласының спорт және дене шынықтыру бөлімінің жетекшісі:

-Сайыскерлер 100, 400 метрлік қашықтықты жылдам бағындырулары керек. Әр құрамадан 4 адамнан жасақталған топ эстафеталық сыннан өтеді. Орнынан тұрып ұзындыққа секіруден өзара мықтыны анықтайды.

Додаға барлығы 6 кәсіпорын өкілі жеңеміз деп белді бекем буып келіпті. Эстафеталық сында Оңтүстік Орал темір жолының желаяқтары көш бастады. “СевКазЭнерго” АҚ құрамасы да ұтылар емес.

Елена Чернявская, “СевКазЭнерго” АҚ бөлім бастығы:

– Мен мұндай сайыстарға 4 жыл қатарынан қатысудамын. Бүгін 100 метр қашықтыққа жүгіру мен ұзындыққа секіруден жақсы нәтиже көрсеттім.

Мамандар мұндай спорттық сайыстар жұмыс белсенділігін арттыруға септеседі дейді. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде “СевКазЭнерго” АҚ құрамасына бұйырды. Дүбірлі дода маусымның 14-не дейін жалғасады. Енді, салауатты өмір салтын ұстанушылар бильярдтан сынға түседі.