Спорт

Қазақ күресінен ел чемпионаты Бауыржан Құлжановтың мерейтойына арналды

Чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев Бауыржан Құлжановты мерейтойымен құттықтап, өңірдегі қазақ күресінің дамуы жақсы қарқын алғанын атап өтті. Балуандар белдесуге дайындалғанша әншілер қауымы әннен шашу шашты. Сайысты асыға күткен палуандармен бірге көрермендердің де қатары қалың болды. Бәрі де – қазақ күресінің жанкүйері. Айғайға қиқу қосқан жұрт спортшылардың тартысын күтуде. Жарысты тамашалауға келген ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Марат Жақыт Бауыржан Құлжановқа «Әлемдегі қазақ күресін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» медалін тапсырды. Сонымен, тағатсыздана күткен күрес те басталды. Жарысқа балуандардың мықтап дайындалғанын олардың күресінен-ақ аңғаруға болады. Бәсекелі додаға бірнеше әлем чемпионы мен Азия, Еуропа біріншіліктерінде топ жарған саңлақтар қатысуда. Сайыс тартысты өтіп жатыр. Еліміздің барлық аймақтарынан келген 165 балуан сайыс көрігін қыздыра түсті. Дегенмен, жарыстың талабы қатаң. Бәрі де балуанның бабы мен бағына байланысты. Бірде жеңіп, бірде жығылып жатты. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде белдескен қазақ күресінен спорт шебері, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің облыстық кезеңінің жеңімпазы солтүстікқазақстандық Рүстем Жұмаев қарсыласын 58-ші секундта жерге жығып салды. Ең ауыр салмақтағы «Түйе балуандар» бәсекесінде алматылық Елдар Насиевты алып ұрған шығысқазақстандық Шалқар Жоламанов бас жүлдені қанжығаға байлап, жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен, екі күнге жалғасқан додада Шығыс Қазақстан облысының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Ұпай санымен сәл артта қалған Астана қаласының балуандары екінші орынға орналасты. Үздік үштікті Қарағанды қаласының құрамасы тұйықтаса, жерлес спортшылар  7 орынға тұрақтады. Жеңімпаздарға кубок, медальдар мен мақтау қағаздары табыс етілді.

Біржан Қойшыбаев