Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын Парламентке кері қайтарды

Әйелдердің зейнетақы жинақтары ерлерге қарағанда 25 пайызға аз. Бұл олардың құрметті демалысқа ерте шығуы мен бала туып, оның күтімінде отырып қалуларына байланысты. Осыны жетілдіру мақсатында елімізде 10 жыл ішінде әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа, яғни ер адамдармен теңестіру туралы жоба әзірленген болатын. Ол Парламенттің төменгі және жоғарғы палаталары тарапынан мақұлданып, зейнетақы жасы 2014 жылдың бірінші қаңтарынан алты ай сайын он жылға дейін өсіп отыратын болып белгіленгеннен кейін Президент қарауына ұсынылған еді. Елбасы жаңа құжатты жүзеге асыруды 2018 жылғы 1-қаңтардан бастау керектігін атап көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Конституция берген өкілеттіктеріме сәйкес, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы қайта талқылау үшін Парламентке қайтарамын. Мен зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынамын. Осыған байланысты Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырамын. Сондай-ақ Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырамын. Парламентті менің ұстанымымды ескеруге шақырамын. Зейнетақы реформасының күрделі мәселесі бойынша дұрыс шешімдер табылады деп мен кәміл сенемін.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты ұстанымдары теріскей тұрғындарының да көңілінен шығып отыр. «Президенттің бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілсін деген тапсырмасы әйелдердің әлеуметтік жағдайымен қоса елдегі демографияны жақсартуға да септігін тигізеді», – дейді солтүстікқазақстандықтар.

Ольга Еликова, №1 орта мектептің тарих пәні мұғалімі:

– Құжаттың кемшін тұстары жайлы ойлар көптеп айтылған болатын. Оған Елбасы құлақ асқанына алғысымыз шексіз. Біз өз еңбекақымыздың 10 пайызын зейнетақы қорына аударып келеміз. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек етуші әр азаматшаның зейнетақы қорына жұмыс беруші де еңбекақының 5 пайызын аударып отыру керектігін атап көрсетті. Ол да біз үшін қуанышты жайт. Белгілі соманы ертерек жинап үлгерсек, онда зейнет демалысына да ерте шығуға мүмкіндігіміз бар.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы реформасына қатысты құжатты Парламентке кері қайтарды. Олқылықтардың барлығын 2018 жылға дейін жан-жақты жетілдіру қажет. Жеті рет өлшеп бір рет кес деген бәлкім осы болар.

 

Самат Есмағи