Қоғам

Патриоттар форумына қатысушылар Атыраудағы тарихи орындарды аралады

Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сарайшық Атырау облысында орналасқан. Елдің әр аймағынан келген делегация өкілдері осы тарихи өлкеге де табан тіреді. Меймандар алдымен «Хан ордалы Сарайшық» мұражайы маңындағы биіктігі 17 метр болатын ескерткішке бет алды. Мұражай директорының айтуынша, бұл жерде сегіз хан жерленген. Оларға арналып құлпытас қойылыпты.

Ескерткіштің ортасында ағашты байқауға болады. Оның да өз тарихы бар. Бұл ағаштың қасиеті бар деседі. Ауыр дертке шалдыққан адамдар оның басына түнесе, сауығып кетеді екен. Сол себепті, бұл жерге келген азамат ағашты ұстап, тілек тілейді.

Кейін делегация өкілдері «Хан ордалы Сарайшық» мұражайын аралады. Бастапқыда бұл жерде 2000-ға жақын жәдігер болыпты. Бүгін оның саны 3 742-ге жеткен. Экспонаттардың барлығы Ұлы Жібек жолы өткен қаланың тарихынан сыр шертеді.

Молдаш Бердімұратов, «Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығының директоры, Атырау облысы:

-14-ғасырдың аяғында осында ағылшынның саяхатшысы Дженкинсон деген кісі келіпті. Ол кісі былай дейді: «Көлігімнің болмай қалуына байланысты жарты айдай тоқтағанымда бұнда айына 70-ке жақын керуен келеді екен. Іздеген затыңның бәрі бар» дейді. Совет өкіметі кезінде Сарайшықтың тарихын негізінен орыс ғалымдары зерттеген. Олардың тапқан заттары Саратов пен Астраханьның музейінде тұр.

Осыдан кейін солтүстікқазақстандық делегация Атырау облыстық өлкетану мұражайына ат басын тіреді. Оның іргетасы 1939 ж. қаланыпты. Мұражай қорында 58 мыңнан астам жәдігер бар. Олар 9 экспозициялық залға орналастырылған.

Кәмшат Елеуова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

Түпнұсқалар өте көп бізде. Мысалы Сарайшықтан табылған қыш-құмыралар. Сондай-ақ алтын киімді адамның киіміндегі қапсырмалары түпнұсқа. Құрманғазының мылтығы бар, сондай-ақ Динаның талай күй төктірген қара домбырасы. Әр зал түрлі-түрлі құнды жәдігерлерге ие.

Мұражайларды аралаған жастар облыстың тарихы жөнінде біраз мағлұмат алғанын айтуда.

Мағзұм Төлеш, Қостанай облысы делегациясының өкілі:

Батыс жаққа келгеніме қуаныштымын. Атырауға бірінші рет келіп тұрмын. Әдемі мұражай және тарихқа толы.

Жібек Омарова, СҚО делегациясының өкілі:

Сарайшық қаласының архитектурасымен таныстық. Өте қызықты болды. Облыстың ұлы тұлғалары жөнінде ақпарат алдық.

Соңғы жылдары Атырау қаласында көздің жауын алатын бірқатар зәулім нысандар бой көтерген екен.

Төлеп Орынбасаров, Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы бсқармасының басшысы:

-2000 жылдардан бастап облыс басына Иманғали Тасмағамбетов келгеннен кейін 30 жылда болмаған өзгерістер енгізілді. Орталық мешіті құрылды. «Ренессанс» қонақ үйі, 21 этажды «Мариотта» қонақ үйі тұрғызылды. Көптеген алаңдар, демалыс орындары жасалды. Атырауда 7 көпір салынды. Біреуі жаяу жүргіншілер көпірі.

Сондай-ақ, делегация өкілдері қаланың өзге де көрікті жерлерін аралап, естелікке суретке түсті.

Айдана Демесінова