Ауыл шаруашылығы

Дайындықта мал басы көбеюде

 

Мына 65 бас канадалық голштин-фриз торпақтарын “Дайындық Агро” серіктестігі биыл сатып алыпты. Санитарлық аймақты сәтті өткен шетелдің асыл тұқымдылары қазір жергілікті өріске бейімделіп, оттап жүр.

Біржан Шаймерденов, “Дайындық Агро” ЖШС директоры:

– Сүтті көп береді. Өздері де бұзаулары да ірі. Еті де жақсы. Біздің табиғатқа бейімделген оттағанда маса-сонадан қорықпайды.

Ерекше күтімді талап етпейтін сауын сиырлар күніне 40 литрге дейін сүт береді екен. Шаруашылық жетекшісі жоғары өнімді зеңгі баба төлінің басын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Біржан Шаймерденов, “Дайындық Агро” ЖШС директоры:

Жоспарда тағы 4 бас әкелу бар. Күзге дейін 200 бас сатып аламыз деп отырмыз. Барлығы өз қаражатымызға. 62 млн теңге жұмсадық.

Серіктестік жергілікті малды асылдандыруға былтырдан ден қойыпты. Мына табында 330 бас симментал құнажындары бағылып жүр. Шаруашылықта қазақтың ақ бас сиырлары да күтіледі. Жалпы, Біржан Шаймерденовтың иелігінде 600 бас ірі қара бар. Сонымен қатар, бір үйір жылқы ұстайды. Жайылымда түліктердің шөлін қандыратын суат та қарастырылған. Әр табынның өз бақташысы бар.

Есен Бәкібаев, “Дайындық Агро” ЖШС бақташысы:

-Ауылда еңбек етемін деген адамға жұмыс бар. Жазда да, қыста да істеп жатырмыз. Жалақы уақытында беріледі.

Жалпы  мал кешенінде 12 адам тұрақты табыспен қамтылған. Былтыр 600 басқа шақталып, қыстауға арналған қора-қопсы, сауын және төлдеу базалары салыныпты. Биыл заманауи жазғы жайылым тұрғызылды. Бұның бәрі жеке қаржының есебінен.

Жеңіс Ермұқанов