Қоғам

Республикалық патриоттар форумы

 

 

Республикалық патриоттар форумы ҚР рәміздері күнімен тұспа-тұс келді. Сондықтан да биылғы шара шеруден басталды. Көш басында көк туымызды ұстаған салт аттылар келеді. Одан кейін тәуелсіздігімізді айғақтайтын символды көтерген курсанттар өтті. Шеру тізбегін «Менің туым! Менің елтаңбам! Менің әнұраным!» деп ұрандаған отансүйгіш өрендер жалғастырды.

 

Айдана Демесінова

 «Міне, шеруге қатысқан азаматтарымыз Исатай мен Махамбет алаңына да келіп жетті. Енді бірнеше секундтан кейін бұл жерде еліміздің байрағы көкке көтеріліп, гимн шырқалады. Дәл осы уақытта Қазақстанның барлық облыс орталықтарында жүздеген адам әнұранымызды орындайтын болады.

 

Бұдан соң жиылғандар Исатай мен Махамбет алаңында өткен шағын концерттік бағдарламаны тамашалады.Бұл күні елдің әр өңірінен келген делегация мүшелері Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековпен және мемлекеттік символдар жөніндегі республикалық комиссияның өкілдерімен жүздесті. Мұнда қазақстандық патриоттар мемлекеттік елтаңба, мемлекеттік ту, мемлекеттік әнұранға қатысты көкейдегі сауалдарын жолдау мүмкіндігіне ие болды.

Ал, күннің екінші жартысында мұнайлы өлкеде «Менің Қазақстаным!» атты 6-шы республикалық патриоттар форумы өтті. Оған барлық облыстан ат терлетіп келген 200-ден астам делегация өкілі мен мыңдаған атыраулық жас қатысты. Біздің жерлестіріміз де маңызды шарадан шет қалмады.

Жиылғандарды ҚР мемлекеттік рәміздері күнімен Мәдениет және ақпарат министрі Мұқтар Құл-Мұхаммед құттықтап, Елбасы Н. Назарбаев жолдаған хатты оқыды.Кейінгі толқын өкілдері бұл жерде еліміздің «Жыл патриоты» атанған азаматтарымен де танысты. Олардың ішінде түрлі саланың өкілдері бар. Мемлекетімізді әлемдік даңққа бөлеген спортшылар мен өнер қайраткерлерінің еңбегі өлшеусіз. Халықаралық аренада әнұранымызды шырқатып, көк байрағымызды асқақтатқан бұл жандар «Әлем таныған Қазақстан» аталымында марапатқа ие болды. Олардың арасында әйгілі конькимен мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де бар.

 

Денис Тен, мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері:

 -Барған жерлерде достарыма Қазақстанның өзге елдерге ұқсамайтынын айтып жүремін. Шетелдік жолдастарымның барлығы Қазақстанның дамып жатқанын айтты. Осы елде туғанымды, бұл елдің намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Бүгінгі шара мені тағы бір мәрте қанаттандырып жіберді.

 

Номинант атанғандардың ішіндегі ең кішісі – Бибісара Асаубаева. 9 жастағы шахматшы қыз бүгінде 13 алқаның иесі. Медальдардың біреуі ғана күміс, қалғаны алтын.

 

Бибісара Асаубаева, шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы:

-2008 жылы Александра Костенюкті марапаттап жатқанын көргенмін. Сол кезде осындай жетістікке жету керек деп алдыма мақсат қойдым. Ойдағыны жүзеге асыру үшін 4 жасымнан шахматпен айналысып келемін. Әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, елім мені мақтан тұтқанын қалаймын. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмын.

 

Ал атыраулық оқушы Гауһар Зайденова болашағын ғылыммен байланыстыруды көздеп отыр. Бұл бағытта істеген жұмысы да жоқ емес. Жас қыз зерттеу жүргізіп, зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапқан.

 

Гауһар Зайденова, Атырау техникалық гимназиясының оқушысы, Атырау облысы:

-Елбасымыз айтқандай, ел болашағы біздің қолымызда. Ел ертеңі мен үшін де маңызды. Алға қойған мақсаттарым өте көп. Жұмысымды патенттеп, әрі қарай дамытқым келеді.

 

Кәсіби шеберлігі арқылы елімізді алға тартқан азаматтар да ерекше құрметке бөленді. «Биікке самғаған Қазақстан» аталымында номинант атанғандардың қатарында Құралай Кәрібаева да бар.

 

Құралай Кәрібаева, Экология және орнықты даму институтының директоры, Алматы қ.:

-Патриоттық сезімдегі жастары бар Қазақстанның болашағы зор екеніне бүгін көзім жетті. Мынандай азаматы бар, мынандай жастары бар Қазақстан 30 емес, 10 мемлекеттің қатарында болатынына сенуге болады.  

 

Жалпы Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуды мақсат еткен талаптылар 5 номинация бойынша марапатқа ие болып, қошеметке бөленді. Бұл жиын форумға қатысқан өзге азаматтарды да қанаттандырып, олардың елге деген сүйіспеншілігін арттырғаны сөзсіз. Форум концерттік бағдарламаға ұласты. Патриоттар онда Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының өнеріне тәнті болды.

Айдана Демесінова, тілші:

-«Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты» деп жырлаған Мағжан атамыз жастарға зор сенім артқан. Шынымен, еліміздің ертеңі осы кейінгі толқынның қолында. Болашағынан зор үміт күттіретін отансүйгіш өрендер бүгін республикалық патриоттар форумда бас қосты. Мұнда олар бірқатар өзекті мәселені көтеріп, болашақ жоспарларын айқындады.

Айдана Демесінова