ТКШ

Петропавлда ЖКХ жаңғырту бағдарламасы бойынша 60 үй жөнделеді

 

 

 Мемлекеттік тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы іске қосылған 2 жылда Петропавлда оған 93 тұрғын үй қатысқан. Олардың әрқайсысында үйдің шатырын ауыстыру, есептегіш құрылғыларды орнату, көпқабатты үйдің алдына асфальт төсеу сынды кешенді және шағын жөндеу жұмыстарын да жүргізген. Бағдарламаның тиімді тұстары мен осы кезге дейін атқарылған жұмыстарды қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Қанат Баймұхамбетов баяндады.

 

Қанат Баймұхамбетов, Петропавл қалалық тұрғын үй- инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Бағдарлама бойынша үйді жөндеуден өткізуге қатысты қандай жұмыс жүргізу керектігін тұрғындардың өздері таңдайды. Жұмыстың сапасын техникалық қадағалау органдары ғана емес, сонымен қатар, партиялық бақылау бекеттері тексереді. Бағдарламаға тұрғындар тарапынан жақсы қолдау бар. Осы кезге дейін оған қатысуға ниет білдірушілерден 80-нен астам өтініш түсті.

 

Жиынға қатысқан жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары бағдарламаға байланысты толғандырған сұрақтарын да қойды. Сәтпаев көшесі,42 мекен-жайының тұрғындары өткен жылы қазан айында бағдарлама бойынша көпқабатты үйде жекелей жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы Геннадий Селищевтің сөзіне қарағанда, жертөлеге қатысты жүргізілген жөндеу жұмыстарының құны шамадан артық. Акт бойынша ол сома 2 миллион 127 мың теңгені құраған.

 

Геннадий Селищев, «Сәтпаев көшесі,42» ПИК төрағасы:

-Жоспарланған жөндеу жұмыстарының бәрі толығымен орындалғанымен, сметалық құны 1 миллион 40 мың теңгеге ұлғайтылған. Мүмкін мұнда мердігерлердің кінәсі жоқ шығар, бірақ меніңше, жобалаушылар өлшеу, есептеу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген болу керек.

 

Жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компания артық алынған қаржының орнына су құбырлары мен электр желісін тарту сынды жұмыстарды жалғастыратын айтып, мәселені екі жаққа да тиімді шешкен. Жалпы ағымдағы жылы аталмыш бағдарлама аясында қалада 60 пәтер жөндеуден өтпек.

Әспет Әбдірешова