ТЖ

Орманды өрттен сақтау

 

 

Күн жылып, жер кебісімен орманшылар үшін аса қауырт маусым басталады. Былтыр отқа оранған тоғайда тілсіз жау 28 Га жасыл желекті құртыпты. Биыл бұндай күюге жол бермес үшін табиғат сақшылары есік қақпай келетін апаттың алдын алу шараларына кірісіп кетті. Жалпы өрттердің 97 пайызының шығуына адамдар тікелей себеп болған дейді мамандар.

 

Сәуле Сүлейменова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы::

-Жыл басынан ғана ормандарда 11 мәрте шағын өрт тіркелді. Қызыл жалынды ауыздықтауға 26 арнайы техника мен 80 құтқарушы тартылды. Шұғыл әрекет еткендіктен от үстемдік құрып үлгермеді. Табиғатты дұрыс пайдалану заңнамаларын бұзғандарға қатысты 25 хаттама толтырылды. Тағайындалған 410 мың теңгенің айыппұлы толықтай өндірілді.

 

Осылайша өңірдегі 550 мың Га жерден астам тоғайлы алқапты күзету шаралары күшейтілді. Бүгінде облыс аумағының тек 5 пайызында ғана жасыл желектер жайқалып тұр. Бұл табиғи құндылықты от тұтқындамас үшін өзге де кешенді шаруалар тындырылыпты.

 

Сәуле Сүлейменова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы::

-Аса қауіпті аудандар белгіленді. 4 шақырымға тарта ормандардың айналасы жыртылып, құрғақ өсімдіктерден тазарту жұмыстары жүргізіліді. Өйткені от түсе қалса тез тұтанып кетеді. Сонымен қатар тоғайлардың айналасына шөп шықпас үшін ұдайы жыртылып тұрады. Бұл жұмыс 180 шақырымнан артық аумақта атқарылды.  

 

Қауырт маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде табиғат сақшыларында тілсіз жаумен күрес құралдары мен арнайы техника жеткілікті. Оқыс жағдайға 70 тонна резервті жанар-жағармай қоры бар. Биыл өртке қарсы ерікті жауынгерлер жасағына 828 адам күші қосылған.

 

Жеңіс Ермұқанов