Қоғам

Медведевтер әулетінің “Мұнаймаш” заводындағы еңбек өтілі 60 жылдан астам

 

 

Денис Медведев М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің машина жасау факультетінің түлегі. Оқу бітірген соң бірден еңбек жолын Петропавл ауыр машина жасау зауытында бастаған ол жарты жылдан бері «Мұнаймаш» зауытында жұмыс істеп келеді. Соңғы үлгідегі заманауи автоматтандырылған техниканы меңгерген маманның міндеті – мына тетіктерді басқару арқылы қажетті детальдарды жасауда белгілі операцияларды орындау.

 

Денис Медеведев, «Мұнаймаш» АҚ инженер-бағдарламашысы:

-Жұмысым өте қызықты әрі өзіме ұнайды. Осы жерде менің әкем жұмыс істейді. Кезінде атам да осында еңбектенді. Кішкене күнімнен соларға қарап өскендіктен болар, мен де қазір олардың ізін жалғап, зауытта жұмыс жасап жүрмін.

 

Денистің әкесі Сергей Медведев зауытта инженер-конструктор болып 30 жылға жуық жемісті еңбек етіп келеді. “Әке көрген оқ жонар” демекші, оның да осы саланы таңдауына әкесінен көргені мен одан алған тәлім-тәрбиесі сеп болса керек.

 

Сергей Медведев, «Мұнаймаш» АҚ инженер-конструкторы:

-Мектепті бітірген кезімде отбасымызда үлкен кеңес өтті. Мамандық таңдауға келгенде туған-туыс түрлі кеңес жасады. Бірақ осы мамандықты таңдадым.  

 

Медведевтер отбасының ақсақалы – Владимир Иванович бүгінде құрмет демалысында. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария әлі тың. Бау-бақша жұмыстарына араласып, бос отырмайды. Зауыттағы еңбек жолын ол 1954 жылы қырнаушының шәкірті ретінде бастапты.

 

Владимир Медведев, еңбек ардагері:

-Жұмысқа тұрған кезімде станоктар өте аз болатын. Кейін мені белгілі қалып жасауды үйрену үшін оқуға жіберді. Кейін мен механикалық техникумды аяқтадым. 60-жылдары технолог болып жұмысымды жалғастырдым. Ұлым мен немеремнің менің ізімді жалғап, осы салада еңбек етуі көңіліме қуаныш ұялатады.

 

Бүгінде Медведевтер әулетінің еңбек жолы осылайша атадан балаға мұра болып жалғасып келеді. Олардың еңбексүйгіш жанұясы кәсіпорындағы өзге жұмысшыларға да үлгі.

 

Әспет Әбдірешова