Денсаулық сақтау

Медициналық акция

 

 

63 жастағы Қайыржамал Жаутекова қан құрамындағы қант мөлшерін үнемі бақылап отырады. Тіпті өзінің мекен-жайына қарасты ауруханада есепте тұр. Саусағынан қан алғызып, қан құрамындағы глюкоза мен холестеринді тексерткен апа денсаулығына бей-жай қарамауға тырысады.

 

Қайыржамал Жаутекова:

-Дүкенге бара жатыр едім. Қарасам, осында үстелдер тұр. Не болып жатқанын көрейін деп осында келдім. Қантымды өлшетіп жатырмын. Қан қысымымды өлшеу керек. Жай бәрі жалпы жақсы деп ойлаймын. Ылғи осындай акциялар болып отырса жақсы болар еді.

 

Скринингтің бақылаудың нәтижесінде Қайыржамал Жаутекованың қант құрамындағы холестерин мен глюкозаның мөлшері шамадан көп екендігі анықталды. Негізінен акцияға қатысқан адамдардың көбі бұл күні қан қысымы мен қант диабетіне байланысты денсаулықтарын бақылатып, медицина қызметкерлерінен кеңес алды.

 

Әспет Әбдірешова,тілші:

–  Менің қан қысымымның мөлшері қалыпты. Бүгінгі медицина акциясына келген адамдар осылайша тегін түрде өздерінің денсаулықтарын тексерте алды.

 

Ашық аспан астында өткізілген мұндай медициналық акция соңғы бес жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Лариса Беляева, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары облыстық орталығының директоры:

-Медицина қызметкерлері күні қарсаңында осы акцияны өткізіп жатырмыз. Ол арқылы адамдарды денсаулықтарына немқұрайдылықпен қарамауларына шақырғымыз келеді. Деніміз сау болу үшін салауатты өмір салтын сақтау керек. Бұл шараға қаланың барлық емханалары қатысып жатыр.

 

Аталмыш шараға Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің студенттері мен оқытушылары да қатысты. Олар шұғыл жағдай кезінде науқасқа қандай медициналық көмек көрсету керектігі жайлы айтып берді.

 

Светлана Абулғазина, Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің оқытушысы:

-Түрлі жағдайларда жүрек тоқтап қалса, сонда ең бірінші көмек, бес минуттың ішінде көмек көрсетілсе, адамды құтқарып қалуға болады. Жасанды демалдыру, содан кейін жүрекке тікелей емес массаж жасау. Оны біздің оқушылар оқып, біледі.

 

Екі сағатқа жалғасқан акция барысында дәрігерлер 100-ге жуық адамға кеңес берді.

Әспет Әбдірешова