Құқық қорғау органдары

Есіл ауданында жалған полицей ұсталды

 

 

 

Полицияның жалған қызметкері мотоцикл жүргізушіні Есіл ауданындағы жолдардың бірінде тоқтатып, құжат көрсетуін сұраған. Рөлдегі жігіттің куәліктері болмаған соң, айлакер «сақшы» көлігін тәркілейміз депті. Бірнеше күн өткен соң мотоциклінен айрылған жігіттің ата-анасы полицейлерге барып шағымданады.

 

Данияр Қасымов, Есіл ауданы ІІБ басшысының бірінші орынбасары:

-Дәл сол күні ауылда ешқандай іс-шаралардың жүргізілмегенін анықтадық. Яғни, бұны нақты полиция қызметкері емес, басқа біреу жасаған. Шұғыл топ құрылып, қылмыс орын алған жерге шыққан болатынбыз. Күні бойы тыңғылықты іздеуден кейін Волошинка селосының екі тұрғынын ұстадық.

 

Бұл оқиғаны Волошинканың 23 жастағы тұрғыны ойластырыпты. Ол “Урал” мотокциклін өзі құрастырып, көрші ауылдың азаматына 25 мың теңгеге сатады. Сөйтіп, көлігім арзанға кетті деп өкінген қу жігіт танысынан жәбірленушіні алдап, көлігін тартып алуды сұраған. Қазір ұсталғандар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 177–ші бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған.

 

Данаш Хамзина