Денсаулық сақтау

Санитарлардың оқу-жаттығуы

 

 

 

 

Теміржол вокзалына Астанадан шыққан поезд келіп тоқтасымен-ақ дайын тұрған мамандар вагонға қарай асықты. Сыртта жедел жәрдем көлігі күтіп тұр. Жоспар бойынша, іште құс тұмауын жұқтырған жолаушы бар. Ол Қытайдан келе жатыр. Тайынша маңында өзін жайсыз сезініп, ыстығы көтеріледі. Жолсеріктер ол адамды бірден оқшаулап, өзгелеріне бетперде кигізген. Ал, науқас рөлінде болған Марал Алесхановаға тапсырманы орындау қиынға соққан жоқ сияқты. Тұмшаланып алған мамандар да шұғыл әрекет етуге тырысты. Олар науқастан сараптама алып, вагон ішін залалсыздандыруға кірісіп кетті.

 

Павел Николайзин:

– Біз науқаспен араласқан адамдарды тауып, оқшаулауымыз қажет. Олардың жағдайын анықтаймыз. Сосын вагон іші дезинфекцияланады.

 

Сөйтіп, дәрігерлер науқас әйелді қалалық емханаға алып кетті. Ал, одан алынған анализ аса қауіпті инфекциялар зертханасына жөнелтілді. Жалпы, оқу-жаттығу шарасына 50-ге жуық адам жұмылдырылған.

 

Сералы Жолдаспаев, Көкшетау бөлімшелік теміржол көлігіндегі МСЭҚ басқармасының басшысы:

-Мұндай оқу-жаттығуды өткізу маңызды. Өйткені, Қытайда басталған құс тұмауын жұқтырып алуға қауіп бар. Тұрғындар абай болғандары жөн. Ел азаматтары көрші елге емін-еркін жиі қатынайтыны да белгілі. Жағдайды қатаң бақылап отыру қажет. Қазір құс тұмауының вирусы өзгеріп, Н7N9 деп аталады.

 

Сералы Жолдаспаевтың айтуынша, қазір Қытайдың 3 провинциясындағы жағдай мәз емес. Жыл басынан бері 131 адам құс тұмауын жұқтырып, 38-і көз жұмған.

 

Данаш Хамзина