Білім

«Үздік педагог» байқауы

 

 

 

«Үздік педагог» байқауы екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сайыстың аудандық кезеңінен өткен мұғалімдер облыстық кезеңге жолдама алған. Конкурстың талабы бойынша алдымен байқауға қатысушылар өздерінің білім берудегі әдістемелік тәсілдері мен жеткен жетістіктері жайлы 3 минуттың ішінде таныстырулары қажет. Алғашқылардың бірі болып сынға түскендердің бірі – Күлжара Әбілмәжінова. 26 жылдық педагогикалық өтілі бар білікті ұстаз М.Жұмабаев ауданының Возвышенка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сөзіне қарағанда, оқушыларға сапалы білім беру үшін мұғалім соған сай ізденіп, жұмыс істеуі керек.  Байқауға барлығы 13 мұғалім қатысты. Олардың арасында қала мектептерінің мұғалімдері де бар. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат мұғалімі Жадыра Қаржауова да оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің қыр-сырын меңгертіп жүр. Таныстыру жұмысын «ізгілік шеберханасы» деп атаған оқытушының шәкірттері де талай белестерді бағындырған. Оның дәлелі ретінде оқушылары облыстық, республикалық білім сайыстарының жеңімпазы атанып жүр. Кейін байқауға қатысушы мұғалімдер инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу бойынша өзгелерге шеберлік сыныбын көрсетеді. Сондай-ақ, қазылар алқасы тарапынан «педагогикалық жағдайлар» деген кезеңде қойылатын түрлі сұрақтарға жауап бермек. Бұл сындардан мүдірмей өткен байқаудың үздік педагогы өңір намысын республикалық сайыста қорғайды.

 

Әспет Әбдірешова