ТКШ

Энергетиктердің қысқа әзірлігі

 

 

 

 

 

Мына жерасты құбыры қаламыздың орталық ауданының тұрғындарын жылумен қамтуға бағытталған. Әбден тозған желі былтыр 15 мәрте істен шығып, біраз энергетиктердің мазасын алды. Қара суық келгенде мәселе туындамас үшін негізгі жылу таратқыш нысан күрделі жөндеу жоспарына енгізіліпті. Биыл төселетін 1,8 шақырымдық жаңа құбырдың қорғаныш қабаты бар. Кемінде тұтынушыларға 30 жыл үздіксіз қызмет етуге жарайды. Диаметрі де ескісінен 100 мм кеңірек. Қуаттылығы да біршама жоғарылайды.

 

Игорь Осняч, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директорының орынбасары:

– Кәсіпорынның қарауында 235 шақырымнан астам жылу үлестіргіш желі бар. Оңың 70%-ның қызмет көрсету уақыты өтіп кеткен. Заманауи материалдарды пайдаланудың арқасында соңғы қауырт маусымда күтпеген апаттар 4 есеге азайғанын көрсетті. Жаңа желілер автоматты басқарылады. Ақау шыққан жері бірден анықталып, әп сәтте жамалады.

 

Қыстың қамын жаз ойлайтын әр саланың пысықтары өздеріне жүктелген жөндеу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Облыс бойынша 572 қазандықты жылыту науқанына дайындауға өңір қазынасынан 52 млн. теңге қарастырылыпты. Бюджеттік мекемелердің әзірлігіне 2 млрд теңгеден артық қаржы құйылды.

 

Антон Федяев, СҚО энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 2013-2014 жылдарды қамтитын жылыту маусымына бюджеттік мекемелерге 174 мың тонна көмір қажет. Бүгінде оның 4 пайызы жеткізілді. Жанар май мен отынға кететін қаржы толығымен төленді. 2 жылу- энергия орталығының құрылғыларын қалпына келтіруге 7,4 млрд теңге жұмсалады. Оның ішінде инвестициялық жоба аясында қарастырылған және өз қаражаттары бар.

 

Қолайлы ауа райын пайдаланып, тұрғын үй шаруашылығындағы барлық инженерлік және кәріздік желілер реттеледі. Қыстан аман шығудың қамында күзге дейін апаттық жағдайдағы жылу магистралінің 14 шақырымы жаңасына алмастырылады.

 

Жеңіс Ермұқанов