Білім

Солтүстікқазақстандық түлектердің екінші легі ҰБТ тапсырды

 

 

 

Бану Ахметова, тілші:

-М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанында ұзын сонар халық. Бүгін екінші топ ҰБТ тапсыру үшін жиналып отыр. Түлектермен бірге олардың ата-аналары да мұнда келген. Көңілдері алай-дүлей. Өйткені бүгін балалар мектеп қабырғасында алған 11 жылдық білімдерін сараламақ.

 

Түлектерді қолдауға келген әрбір ата-ана балаларының мектеп қабырғасында алған білімдерін ақтайтынына шүбә келтірмейді. Қалалық классикалық гимназияның түлегі Ғабит Малдыновтың анасы Теңдік Малдыновамен тілдестік. Ол ұлының үлкен сыннан сүрінбей өтетініне сенімді. Егер түлек жоғары ұпай жинаса, бұл кез-келген ЖОО түсуге мүмкіндік болмақ. Ал, түлектердің өздері таң ертеңмен көңіл-күйлері алабұртып университеттің қасында қазқатар тізіліп тұр. Сәлден кейін олар ҰБТ сұрақтарына жауап беру үшін ішке кіреді. Бақ пен бап қатар жүретін жерде талапкерлер өздерінің білімдеріне ғана сенеді.

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарында балаларға мамандандырылған гимназия-интернатты түлегі Алмас Айтжанов мектепте 11 жыл бойы тек «бес» деген бағамен оқыды. Және “Алтын белгіге” үміткер. Түлек осы атқа лайық екенін дәлдеп, 125 ұпайдың бәрін жинайтынына нық сенім білдірді. Бұйыртса, ол жергілікті және әкімшілік басқару мамандығын меңгермек.  №20 және қазақ мектеп- гимназиясының түлектері Саят Әбдірахманов пен Әділхан Наурызбай да өзгелер сияқты қобалжулы. Дегенмен мұғалімдерін жерге қаратпауға тырысамыз деуде. ҰБТ бастайтын уақыт та жетті. Түлектер бірінің артына бірі тізіліп алла жар бол деп ішке енуде. Әр қайсысы аудиторияға беттемес бұрын мына арнайы құралдан өтуде. Бұл олардың қалтасында телефон немесе басқа да заттардың бар -жоғын анықтайды. Тексерістен өткеннен кейін түлектер 10 аудиторияға бөлінді. Оларға арналған тест салынған   қораптың да беті ашылды. Бұны арнайы келген комиссия мүшелері қадағалауда. Сөйтіп, түлектерге 3,5   сағат берілді.  Бүгін екінші топта ҰБТ 596 түлек тапсырыуда.  Тест қорытындысы шығарылғаннан кейін   сынақ сұрағының жауаптарымен келіспегендер апелляциялық комиссия мүшелеріне өтініш білдіре алады.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші легінің қорытындысы бойынша облыстағы ең жоғары ұпай – 120. Мұндай нәтижеге Петропавл мектептерінің үш түлегі қол жеткізген. Олар: бірінші гимназияның оқушысы – Алмаз Жияев, «БЭСТ» гимназиясының түлегі – Елизавета Казарина мен М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы лицейдің оқушысы – Айдана Салина. Сынақ тапсырушылар ҰБТ-дің алғашқы күнінен сәл жоғары нәтиже көрсетті. Орташа ұпай – 87,25. Межелі 50 ұпайды жинай алмағандар да бар. Мұндай түлектердің саны – 54. Емтиханға бұл күні барлығы 596 түлек қатысу керек, алайда олардың 54-і түрлі себеппен келмей қалған. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі 6 маусым күні белгілі болады.

 

Бану Ахметова