Мәдениет

Нұргүл Оқашова – республикалық ақындар байқауының жеңімпазы

 

 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің» республикалық байқауы Талдықорған қаласында өткен. Бұл байқауда өңіріміздің намысын Мамлют ауданының Краснознамен орта мектебінің мұғалімі Нұргүл Оқашова қорғап, бас жүлдені жеңіп алыпты. Мұқағали поэзиясы адамның өмірге деген құлшынысын арттырады, биік мақсаттарға жетелейді дейді ақынжанды қыз.

 

Нұргүл Оқашова, республикалық жазба ақындар байқауының жеңімпазы:

– Бірінші кезең Мұқағали Мақатаевқа арнау, «Мұқағалидың соңғы монологы» деген шығармам. Екінші кезеңде «Тілім менің – тірегім» деген тақырыпта менің «Ана тілім» деген өлеңім оқылды.

 

Жазба ақындар арасындағы байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен 18 қатысушы бағын сынаған. Солардың арасынан суырылып шыққан жерлесіміз бүгінде өңір мерейін асқақтатып отыр.

 

Әсем Сүлейменова, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:

– Өңіріміздің ақындар байқауы, сонымен қатар шешендік өнерге байланысты өткізілетін байқауларда жүлделі орын алу – бұл ел үшін үлкен абырой деп санаймын. Осыған дейін өңірімізден бұл байқауда Аманжол Зағыпар үшінші орынды иеленген болатын.

 

Жалпы бұл Нұргүлдің осындай сайыстарда алғаш рет бақ сынауы емес. 2010 жылы өткен республикалық ақын қыздар арасындағы байқауда да ол  бірінші орынды алып  қайтқан.

 

Әспет Әбдірешова