ТЖ

Мемлекеттік рәміздер күні құтқарушылар марапатталды

 

 

Елдің әр азаматы әнұранды жатқа білуі керек. Құтқарушылар күн сайын жұмыстарын әнұранды шырқаудан бастайды. Ал бүгінгі күн тіптен ерекше болды. Олар әнұранды ерекше сезіммен, мақтанышпен шырқады. Бұл мемлекеттік рәміздер күні басты символдарға көрсетілген құрмет. Сол себепті де еліміздің елдігі мен егемендігінің басты белгісіне айналған мемлекеттік ту, елтаңба және әнұранға қандай құрмет көрсетсе де, артық емес дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Әсет Ысмағұлов.

 

Әсет Ысмағұлов, СҚО ТЖД басшысының орынбасары:

-4 маусым елде мемлекеттік рәміздер күні мерекесі. Мемлекеттік символдарға құрмет көрсету – бұл әр қазақстандықтың парызы. Бүгінде көк байрағымыз еліміздің айбынын асқақтатып, басқа мемлекеттерде де танылып, желбіреп жүр. Ал шаңырақ бейнесіндегі елтаңбамыз болса, барлық қазақстандықтардың ортақ үйдің астында ынтымақтастықта өмір сүріп жатқандығынан хабар береді.

 

Айтулы күні өртке қарсы қызмет саласында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтардың кеудесіне «Мінсіз қызметі үшін» түрлі дәрежедегі медальдары тағылды. Екінші дәрежедегі осындай марапатқа ие болғандардың бірі – Болатжан Асқарбеков. Бұл салада ол 15 жыл істейді. Соныман қатар оған бүгін майор шені берілді.

 

Болатжан Асқарбеков, Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

– «Мінсіз қызметі үшін» марапатына мемлекеттік рәміздер күні ие болғаныма қуаныштымын. Бұл менің көп жылғы еңбегімнің шынымен бағаланғанын көрсетеді.

 

«Өртке қарсы мінсіз қызметі үшін» екінші дәрежелі медалімен марапатталғандардың қатарында кәсіби дайындық мектебінің арнайы пәндер оқытушысы Әнуар Нұртазин де бар.

 

Әнуар Нұртазин, өртке қарсы кәсіби дайындық мектебінің арнайы пәндер оқытушысы:

– Өртке қарсы қызметте істеп жатқанымызға 15 жыл болып қалды. Мемлекетіміз сол еңбегімізді біліп, бүгін өртке қарсы қызметінде мінсіз қызметі үшін медалін алып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Жерлестерімізді мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын.

 

Барлығы бұл күні 30-ға жуық қызметкердің еңбегі бағаланды. Облыс бойынша өртке қарсы қызмет саласында 900 адам қызмет етеді.

Әспет Әбдірешова