Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді

 

 

Орталық алаңға жиылған қара-құрым халық. Олар алдымен алаңға сап түзеп кірген велошабандоздар мен ту ұстаған патриоттарды қарсы алды. Салтанатты қарауыл еліміздің көк туы мен елтаңбасын сахна төріне шығарғаннан кейін әнұран ойналды. Әр елдің елдігін айқындайтын өзіндік мемлекеттік рәміздері бар. 1992 жылдың 4 маусымында алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ол ел тарихында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран. Олар Қазақстан Республикасының негізгі рәміздері болып саналады. Оны құрметтеу әр азаматтың міндеті екендігін атап көрсетті салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран Қазақстан Республикасының негізгі рәміздері саналады. Алтын сәулелі күн орныққан көгілдір түсті Туымыз бен шаңырақ бейнесіндегі Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа Тәуелсіз мемлекет бейнесін паш етті. Оған 21 жыл. Осы аралықта елімізді төрткүл дүние танып білді. Ал Қазақстанның атын одан әрі асқақтата беру өскелең ұрпақтың міндеті.

1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. Сондай-ақ 1992 жылы республикамыз Әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Қазақстанның тұңғыш Әнұранының авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан халық арасында кең танымал болған патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Бұлардың бәрі егеменді еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды дейді аға буын өкілдері.  Қазақ елі 130-дан астам ұлттар мен ұлыстарға ортақ мекен бола білді. Олардың діні мен ділі, түрі мен тілі бөлек. Алайда жүректері менің отаным Тәуелсіз Қазақстан деп соғады. Бұл жандар өз елінің, өз жерінің нағыз патриоттары.  Салтанатты шара соңы жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Төгілген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бидің бәрі мемлекеттік рәміздерге деген құрмет.

 

Самат Есмағи