Білім

ҰБТ басталды

 

 

Самат Есмағи, тілші:

-Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің енгізілгеніне 10 жыл. Биыл оған қатысуға ниет білдірген солтүстікқазақстандық түлектер саны 2,5 мыңнан астам. Өңірімізде қазіргі күні 8 бірдей ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу қосыны жұмыс істеп тұр. Соның бірі облыс орталығындағы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де. Онда қазір 488 түлек тест тапсыруда.

 

Облыс орталығындағы қосында тест тапсырушылар Аққайың, Қызылжар, Мамлют аудандары мен Петропавл қаласы мектептерінің түлектері. Бәрінің көңіл-күйлері алабұртқан. Себебі бұл 11 жыл бойы алған біліміңді таразылайтын шақ. Биылғы жылы аталмыш науқанға енгізілген жаңашылдық ол мына аркалар. Тестілеуге қатысушы түлек осыдан өтеді. Яғни алдыңғы жылдардағыдай денеңді ешкім тінтпейді. Реттік санына байланысты әр топқа бекітілген аудиториялар бар. Олардың саны жетеу. Әрқайсысы ұялы телефон толқынын өшіретін арнайы құрылғы, бейнекамералармен жарақтандырылған. Мақсат ұлттық бірыңғай тестілеудің ашық әрі мөлдір өтуін қамтамасыз ету. Сағат тілі таңғы тоғызды көрсеткен кезде әр аудиторияға тест кітапшалары салынған қораптар енгізілді. Арнайы мөр басылған орамаларды түлектердің өздері ашты. Бес пәнді қамтитын сұрақтар саны – 125. Оны шешуге берілетін уақыт 3,5 сағат. Тест тапсырушы кітапшадан қандайда бір қателік тапса, ол бірден білім министрлігіне жіберіліп, орнына басқа кітапша беріледі. Ал бақылау комиссиясының өкілдері болса оған кеткен уақытты есепке алады. Баласы бәйгеге шапса, үйде отырған ата-ана тақымын қысады деген нақыл бар. Оның бекерге айтылмағанына тағы бір мәрте көз жетті. Іштегі түлектерге қарағанда сырттағы ата-аналардың уайымы басым. 3,5 сағатқа созылған ұлттық бірыңғай тестілеудің де алғашқы күні аяқталды. Түлектер  сын аса қиын болған жоқ дейді. Себебі сұрақтардың барлығы мектеп бағдарламасы шеңберінде құрастырылған. Бақ шаба ма, бап шаба ма. Оның нәтижесі тест қорытындысы шығарылғаннан кейін белгілі болмақ.

 

Самат Есмағи