Балалар

Солтүстікқазақстандықтар балалар мерекесін кеңінен атап өтті

 

Халықаралық балаларды қорғау күні ел көлемінде барынша кеңінен аталып өтеді. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекені әр бала ерекше асыға тосады. Облыс орталығындағы көңілді мереке «Бір шаңырақтың астында» атты балалар шығармашылығына арналған фестивальдан бастау алды.

 

Фарида Әбілғазина, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бас режиссері:

– Бүгін үлкен мерекелі салтанатты күн. Біз облыстық білім басқармасы, облыстық әкімшілік, балалардың құқығын қорғау департаменті, соның ішінде біз балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы үлкен мерекелік шара өткізіп жатыр. Мерекеміздің басты тақырыбы – «Біз Қазақстанның балалары жаңа әлемде өмір сүреміз.

 

Балалар ансамбльдерінің қатарында өнер көрсетіп жатқан бүлдіршіндердің дені көптеген республикалық және облыстық өнер байқауларының жеңімпаздары. Олар бұл есеп беру концерті, жыл бойына үйренгендерімізді жұрт алдына шығарып жатырмыз дейді.

 

Ілияс Майлыбай, «Айналайын» балалар ансамблінің мүшесі:

Маған мынау күн ұнайды. Барлық балаларды құттықтаймын. Зор денсаулық тілеймін. Бірінші мамыр достық күні, 8-наурызға, Батырлар күні мерекелеріне қатыстым.

 

Бірі ән айтып, би билесе, енді біреулері асфальтқа сурет салу байқауына қатысты. Сайысқа қатысқандардың арасында №6  орта мектептің оқушылары да бар. Түрлі-түсті бормен салған суретті балалар «Балалық шақ» деп атапты.

 

Алмаз Жамбров, №6 орта мектептің оқушысы:

– Осы суретті салу арқылы біз балалардың арасындағы достықты, халықтар арасындағы бірлестікті көрсеттік. Суретте біз кемпірқосақты бірлестіктің белгісі ретінде және күнді, барлық мемлекеттердің бір шаңырақтың астында жиналуы туралы айттық.

 

Сонымен қатар, бұл күні «Арт палитра» атты бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының фестивалі өтті. Балалар шарларды бояп, оларға түрлі суреттер салды. Қағаздан жасалған туындылар да көздің жауын алады. Жадыраған жаздың алғашқы күні көңілді ойындар да ұйымдастырылды. Ең мықты дегендері «Саяхаттың соқпағымен» туристік сайысқа қатысты. Ептілікті сынайтын бұл конкурсқа қатысушыларға 4 түрлі кедергіні мүдірмей өту керек деген талап қойылды.

 

Владислава Бурмакова, жарыс төрешісі:

Біз туризмге байланысты жылда осындай сайыстар өткіземіз. Жаз кезінде балалардың демалыстарын қызықты етіп ұйымдастыру үшін мұндай ойындарды жиі ұйымдастырамыз.

 

Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры. Бұл күні айтылған тілектер де мерекенің басты кейіпкерлеріне арналды.

 

1 маусым мерекесі маған қатты ұнайды. Біз сегізінші мектептің оқушылары мұғаліммен мерекеге келдік. Асфальтқа балалық шақ туралы сурет салдық.

Әрбір ана баланың өміріне жауапкершілікпен қарайды ғой. Балалардың бақытты болғанын қалайды. Балаларымыз бақытты болса, біздің де көңіліміз жайлы, өзімізді бақытты сезінеміз.

Бұл жер өте көңілді. Балаларға зор денсаулық, күнде көңілді болсын деп тілеймін.

Бүгін балаларды мерекелерімен құттықтаймын. Ойлаған армандарына жете берсін. Бүгін концерттер, конкурстар көрдім. Олардың барлығы жақсы ұйымдастырылған.

 

Әспет Әбдірешова