Балалар

Петропавлда ұшу аппараттары байқауы және картингтен турнир өтті

 

Владислав Антоненко не бары 9 жаста. Картингтің тізгінін ұстағанына 1 жыл. Десе де, оны басқарудың қыр-сырын меңгеріп алған. Бұл – оның қалалық турнирге алғаш қатысуы. Оған ұзақ дайындалдым дейді жас жүргізуші.

 

Владислав Антоненко, “Спектр” клубының тәрбиеленушісі:

-Маған картингпен жүру өте ұнайды. Алғашында қорқыныш болды. Қазір үйреніп алдым. Жүлделі орын аламын деп ойлаймын.

 

Жарысқа қатысуға ниет білдірген жасөспірімдердің жалпы саны – 9. Олар жас ерекешеліктеріне қарай екі топта өнер көрсетті. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде балалар, сондай-ақ, дойбы, шахмат, тоғыз құмалақ пен үстел теннисінен де бақ сынасты. Балалар мерекесі “Қарасай” стадионында да кеңінен атап өтілді. Мұнда 50-ден астам жас өнертапқыштар өздерінің ұшатын аппараттарының үздіктерін анықтады. Александр Амелин “Жалпақ батпырауық” номинациясы бойынша өнер көрсетті. Алайда ол өзінікін биікке ұшыра алмады. Себебі, құрылғының бір бөлшегі істен шығыпты.

 

Александр Амелин, № 1 мектеп-интернаттың оқушысы:

Бүгін батпырауығымды құлатып алғанмын. Қанатының кергіші сынып кетіпті. Келесі жарыстарға мықтап дайындалатын боламын.

 

Байқауға қатысушылар батпырауық, планер және ракета секілді үш номинация бойынша бақтарын сынады. Ал, Наиль Сагитов болса, оқушыларға шеберлік сағатын көрсетіп, аспанға іштен жану қозғалтқышы бар кордтық модель ұшырды. Көкте 5 минут қалықтай алатын қондырғының жылдамдығы сағатына 150 шақырым.

 

Наиль Сагитов, әуе үлгілері үйірмесінің жетекшісі:

-Бұл қондырғы әуе ұрысына арналған. Қозғалтқыш арқылы жұмыс істейді. Қуаттылығы 2,5 текшені құрайды.

 

Сайыс соңында жеңімпаздардың барлығы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Самат Есмағи