Көлік және жолдар

Әскери техника тексерілді

Әскери институттың автобронды танк қызметінде 70-тен артық көлік нысаны бар. Әрбірінің қызметі сан қилы болғанымен барлығы да курсанттардың ел қауіпсіздігін қорғау жолында әскери өмірге машықтануына таптырмас көмекші. Сондықтан техниканың сыр бермей, қашан да сақадай сай дайын тұруы өте маңызды.

 

Рашид Баубеков, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының батальон командирі:

Арнайы және жауынгерлік техника күн сайын пайдаланады. Оқу үрдісінде тоқтау болмау керек. Бәрі кесте бойынша өтеді. Таңата бағытқа шығарда бақылау пунктінде бәрін тексеріп, техниканың дұрыстығын қарап қана шығамыз.

 

Қаз-қатар тізілген бар техниканы бүге-шүгесіне дейін тиянақтап, ҚР ІІМ ІӘ бас қолбасшылығының өкілдері тексеріп жатыр. Мамандар көліктің әр бұрандасына дейін байқап, темір тұлпарлардың толықтай мүмкіндіктерін сынауда. Бұл біріншіден болашақ офицерлер мен оқытушы ұжымның қауіпсіздігі мен аса жауапты міндеттерін еш кедергісіз орындау мақсатында жүргізіліетін міндетті шара.

 

Константин Воронкин, ҚР ІІМ ІӘ Бас қолбасшылығының техника және қару-жарақ басқармасының бастығы:

– Көліктің негізгі қозғалтқыш бөлігі, кабинаның іші- сырты, жарықтары, жүк бөлігі, санитарлық талаптарға дейін тексереміз. Міндетті түрде жолда жүру ережелері, жарықтандырғыш белгілері мен құжаттарының сәйкестігі қаралады. Қоршаған ортаға зиянды заттардың нормадан артық бөлінбеуі, талапқа сай қосалқы құрал саймандардың толықтығы да назарсыз қалмайды.

 

12 мм бронмен қапталған 11 орындық “БТР-80” еліміздегі қарулы күштердің маңызды қорғаныс құралдарының бірі саналады. Ату және тасымалдау қызметтерін бірдей атқарады. Оның ерекшелігі кез- келген бөгетті елемей, қозғалысын жалғастыра береді. Су астында қатынайтын мүмкіндігі де бар екен. Сұлтанмахмұт Нұржановтың құрылысы өзгеше әскери темір тұлпардың тілін тауып жүргеніне 5 жыл болыпты.

 

Сұлтанмахмұт Нұржанов, “БТР-80” жүргізу бойынша нұсқаушысы:

– Күрделі техника болғандықтан жыл сайын техникалық бақылауды өтеміз. Қарапайым машинаға қарағанда қаружарағы іске асу керек. Суда жүзеді. Әрқашанда дайын болуға міндеттіміз. Сондықтан күтімі өте жоғары деп айтуға болады.

 

Әскери оқу ордасының қарамағындағы көлік нысандарының жалпы жағдайына республикалық комиссияның өкілдері оң бағасын берді. Анықталған кіші-гірім кемшіліктер мен ескертулер тексеріс барысында қалпына келтірілді.

 

Жеңіс Ермұқанов