Денсаулық сақтау

Темекіге қарсы күрес күні

Статистика бойынша елімізде тұратын 16 млн халықтың 4 млн шылым шегеді. Ал петропавлдықтардың 36,6 пайызы темекіге әуес екендігі анықталып отыр. Ауылдарда бұл көрсеткіш 1 пайызға жоғарғы. Сондықтан да бүгінгі жиында бас қосқан ақхалаттылар халықты темекіден бас тартуға шақырды. Өйткені, онколог дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің 78 пайызы шылымның зиянынан өкпе ісігіне шалдыққан екен.

 

Жігер Дүйсенов, облыстық онкологиялық диспансердің торакалдық бөлімінің меңгерушісі:

– Темекі адам ағзасына өте зиянды. Өйткені ол ең алдымен өкпені зақымдайды. Одан кейін темекі шегетін адам ісік ауруына шалдығады. Мәселен, біздің облысымызда 2011 жылы шылымнан 247 адамның өкпе ісігіне шалдыққандығы анықталып отыр. Бұл қатерлі ісіктің 1,2 кезеңі бойынша 50 адам тіркелген. Ал, 4 кезеңіне шалдыққандар – 40. Қалғандары 3 кезеңімен ауырады.

 

Ағымдағы жылдың 4 айын алғанда облыста өкпе дертіне шалдыққан 81 адам анықталып отыр. Темекінің салдарынан басқа да ауруға душар болу мүмкін. Шылым шегу жастар арасында белең алып бара жатқандығын да дәрігерлер жиын барысында тілге тиек етті.

 

Асхат Молжігітов, облыстық кардиологиялық орталықтың кардилог-дәрігері:

-Темекі жүрекке, жүйке жүйелеріне, қан айналымдарына да зиянды. Кардиолог маман ретінде байқағаным былтырғы жылы осындай науқастардың 30 пайзының темекіге құмар екендігі анықталды. Бұл біздің облысымыз үшін өкінішке қарай үлкен көрсеткіш.

 

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде темекіге қарсы орталықтар ашылған. Біздің аймақта 95-і жұмыс істейді. Айталық 4 емханадағы орталықта екі жылдың ішінде темекіге тәуелді 100-ге жуық адам ем алған. Солардың бірі шылымды тастап салауатты өмір салтын ұстанып жүрген Дмитрий Кормщиков.

 

Дмитрий Кормщиков:

– Мен 6 жыл бойы шылым шегіп жүрдім. Содан кейін қатты науқастанып қалып, темекіден бас тартуды ұйғардым. Қазір 4 айға жуық шылымды шекпей жүрмін. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданамын.

 

Биылғы жылы Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні темекі өнімдерін сатуға, жарнамалауға және оны демеуші компанияларға тыйым салу ұранымен өтуде.

 

Бану Ахметова