Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” ХДП СҚОФ саяси бюросының отырысы

 

Партияның облыстық филиалы Саяси бюросы отырысында 3 мәселе қаралды. Әуелі партияның “Қазақстан. Мақсаттар 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспарын”  жүзеге асыру жайы сөз болды. Рүстем Елубаев Аққайың ауданында атқарылған істер жайлы баяндады.

 

Рустем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:

-«Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру бойынша шаралар жоспары бекітілді. Ол 9 бағытты қамтиды. Жасалған жұмыстар өз жемісін беруде. Білім беру саласы бойынша балақайлардың 92 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Денсаулық сақтау саласына да көп көңіл бөлінуде. 250 адамды қабылдай алатын емхананың құрылысы басталды. Өзге салалар бойынша да бірқатар іс тындырылып жатыр.

 

Аудан әкімінің есебін тыңдаған өңір жетекшісі баяндамада айтылған әрбір шаруа іс жүзінде атқарылуы керектігіне баса назар аударды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Аудандағы ауруханалардың жағдайы көңілімнен шықпады. Жуырда осыған қатысты шағым келіп түсті. Онда аудандарыңызда денсаулық сақтау саласына онша мән берілмейтіндігі айтылған. Сонымен қатар, жалақыны уақытылы бермей, қарыз жиналған екен. Мұндай болуы мүмкін бе? Олқылықты тез арада жойыңыздар.

 

Елбасы жаңа жолдауында жүктеген міндеттер Тайынша ауданында да біртіндеп жүзеге асып жатқан көрінеді. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, мұнда сапалы ауыл шаруашылық тауарлары өндіріледі.

 

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Ауданда 50-ден астам ауылшаруашылық құрылымы мен 300-ден аса шаруа қожалығы бар. Тайыншалық диқандардың иелігінде 935 мың га жер бар. Бұл салада жаңа технологиялар сәтті пайдаланылып келеді. Мал шаруашылығын дамыту да оң жолға қойылды.

 

Алайда облыс әкімі Самат Ескендіров бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға сын айтты, жағдайды оңалтуды талап етті.

 

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Жер пайдаланушыларға жерді сату мәселесін қарастырдық. Осының арқасында жартыжылдықта 60 млн теңге алмақпыз. Оның 25 млн мамыр айында түседі. Жалақыны көтеру мәселесін де талқыладық. Инвесторларды тарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

 

Облыстық бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру басты назарда болу керек деді Самат Ескендіров. Аймақ басшысы өзге салалар бойынша бірқатар міндеттерді айқындады.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-«Биохимді» сату көзделіп отыр. Қызығушылық танытып жатқан компаниялар да баршылық. Бұл ой жүзеге асқаннан кейін аудан дамуға бет алады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 3 бағыты бойынша 2012 жылы орын алған олқылықты түзеп жатырсыздар. Бұл мәселені жылдың соңына дейін түбегейлі шешуді тапсырамын.

Бұдан кейін жиылғандар Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысын тыңдады. Антон Федяев Президенттің биылғы жолдауы аясында тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселелері бойынша есеп берді.

 

Антон Федяев, СҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

-2 жыл ішінде облысымызда 98 үй жөндеуден өтті. Бұл үшін 1 млрд 207,5 млн теңге жұмсалды. 2012 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына 3 аудан қатысты. Ғ.Мүсірепов ауданында  – 4 үй, Айыртау ауданында – 2 және Тайынша ауданында  2 баспана қалыпқа келтірілді.

 

Жиында облыстық мәслихат депутаттары да атқарған жұмыстары жайлы баяндады. Облыс әкімі аудандарда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалу барысына назар аударды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатынын білесіздер ме? Осыған сәйкес бюджет қаражатына ауылдарда үй саламыз, сіздер 10 пайызын ғана төлейсіздер. Мұны депутаттар қолдау керек деп ойлаймын. Тұрмысы төмен жанұяларды көшіріп, жұмысқа орналастыру ісін ары қарай жалғастыру қажет.

 

Өңірдің елді мекендерінде таза ауыз су мен жол жөндеу мәселелері өзекті. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысқа екпін беру керектігін қадап көрсетті.

 

Айдана Демесінова