Мәдениет

Петропавлда “Мағжан көктемі” атты екінші республикалық өнер фестивалі өтті

 

Байқау басталмас бұрын өнерсүйер қауым қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжанға арналған көрмеге тәнті болды. Мұнда ақынның кітаптары, суреттері мен жеке заттары қойылған. Бұл жерден өзге қаламгерлердің де жерлесіміз туралы жазған еңбектерін көруге болады. Бұдан кейін меймандар қатысушылардың өнерін тамашалауға асықты.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған Республикалық өнер фестивалінің ақтық сынына 15 дарын иесі жолдама алды. Байқауды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облысымызда Мағжан есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында бірталай істер атқарылды. Облыс орталығының үлкен көшелерінің бірі Ұлы ақын есімімен аталады. Қаламызда жыр пайғамбары атанған бабамыздаң екі бірдей сәулет ескерткіші бар. Ақынның туып-өскен ауданы да бүгін  М.Жұмабаев ауданы аталады. Ақынның кітаптары қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет шығарылып, халқымыздың рухани қазынасына айналды.

 

Міне, өнер фестивалі салтанатты түрде ашылып, мықтылардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын анықтайтын кез де жетті. Алдымен Мағжанға арнап өлең шығарғандар бәсекелесті.

Тал бойына сан алуан өнерді жиған Елена Әбдіхалықова сахнаға алғашқылардың бірі болып шықты. Ол суырып салмалығымен, мазмұны терең өлеңдер мен әсем ән шығару жағынан көпшілікке танылған.

 

Елена Әбдіхалықова, байқауға қатысушы, Астана қаласы:

-Мағжан жан-жақты, өте терең. Оның байыбына, деңгейіне жетіп, Мағжан олай еді, Мағжан бұлай еді деп айта бергеннен гөрі «Сұм өмір абақты ғой саналыға» дейтін бір ауыз сөзін ары қарай кеңейтіп жазған өлеңімді оқыдым. Қолымызға қалам алғаннан кейін осы кісінің поэзиясынан үлгі алғанымыз рас. Мағжан алып келген жаңалықтарды мәңгілік жадымызда ұстайтынымыз рас. Сондықтан бүкіл Қазақстан халқына, жалпы Солтүстік Қазақстанның еліне, басшылығына осындай фестивальді ұйымдастырғаны үшін үлкен рақметімді айтамын.

 

Екінші номинацияда бағын сынаған үміткерлер жиылғандардың назарына Мағжанның туындыларына жазылған әндерін ұсынды. Бұл аталымда өңіріміздің намысын Теңдік Құлмағанбетова қорғады.

 

Теңдік Құлмағанбетова, байқауға қатысушы, СҚО:

-М.Жұмабаев ақталғаннан кейін кітаптары, шығармалары жарық көре бастады. Әкем айтатын марқұм, 5 кітаптың біреуі біздің үйде деп. Кітап әлі күнге дейін бар. Сол кітапты ашып отырғанда көзіме «Сүйемін» мен «Сағындым» деген ерекше түсті. Бұдан басқа «Мен жастарға сенемін» және «Бөбектің тілегі» деген балаларға арналған әнім бар.

Ал соңғы аталымда қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберліктері сарапқа салынды.

 

Құрманбай Шерубайұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, қазылар алқасының мүшесі:

-Оқу шеберлігін, сөзді таза айту мәнерін, орфоэпиясын, дауысты қою мәселелерін жан-жақты қарастырады. Мүмкіндігінше елдің түкпір-түкпірінен келген үміткерлердің білімін, Мағжанның шығармаларын орындау шеберлігін шама-шарқымыз келгенше әліл бағалаймыз деп ойлаймыз.

 

Нәтижесінде ақынға арнап жыр шығару аталымында астаналық Елена Әбдіхалықова бас жүлдеге қол жеткізді. Әуен шығару сынында Астана қаласының өкілі Тоғжан Жахин үздік атанды. Ал, шығарманы мәнерлеп оқу бойынша Ақмола облысының намысын қорғаған Айсәуле Иманғалиева 1-ші орынға ие болды. Ел көлемінде ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары облыс әкімі Самат Ескендіровтың дипломдарымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Айдана Демесінова