Денсаулық сақтау

Облыста “Сапалы азық-түлік – ұлт денсаулығының кепілі” акциясы өтуде

 

Бүгінде сауда сөрелерінде көздің жауын алатын түрлі азық-түлік өнімдері толып-ақ тұр. Әркімнің талғамына сай таңдау көп. Базар аралағандардың көпшілігі тауардың сапа құжатын сұрамайды да. Сөздің шыны керек, алғаны сырт көзге жақсы көрінгенімен, асқа жарамдылығын тексерудің мүмкіндігі жоқ. Осыны ескерген санитар мамандар игі шараны бастап кетті.

 

Наталья Беляева, СҚО МСЭҚД бөлімінің басшысы:

– Қазір оңтүстіктен ерте піскен бақша дақылдары көптеп жеткізілуде. Олардың асқа жарамдығын кепілдендіру үшін осындай шараны қолға алдық. Санитар мамандар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сараптама орталығының қызметкерлері азық-түлік өнімдеріне жедел тәсілмен сараптама жүргізіп, қорытындыны қолдарына береді.

 

Бұндай қызметке сауда орындарының кез-келген тұтынушысы жүгіне алады. Негізінен халық көптеп тұтынатын тез бүлінетін сүт өнімдері мен жеміс-жидек, көкөністер сараптамадан өтуде. Василий Продский бұл мүмкіндікті қалт жібермей, алған азығының сапасын тексеріп көруге бел буыпты.

 

Василий Продский, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қияр мен қызанақ алдым. Банан да асқазанға пайдалы. Бірақ денсаулыққа пайдалы табиғи дәруменді өнімнің орнына жасанды өсірілген көкөністің саудалануы ғажап емес. Сондықтан тексеріп алуды жөн деп таптым. Сараптама бұл жөнінен қам жемеуге болатынын көрсетті.

 

“Денсаулық – зор байлық” дейді халық даналығы. Өз саулығына немқұрайдылық танытпайтын жан бұл аса пайдалы үрдіске бар болғаны 5-ақ минутын жұмсайды.

 

– Алюмикалды қоспаның көмегімен балды табиғилығына, сүттің қышқылдығын, ондағы маститті таяқшалардың бар- жоғын тексереміз. Жеміс-жидек, көкөністі нитраттарға бақылаймыз.

 

Былтырдан бері жүргізілген 400-ге тарта тексеріс бір де бір өнімнің ағзаға зияндылығын анықтамапты. Игі шара ай сайын өңіріміздің 11 ірі базарлары мен сауда орындарында өткізіліп тұратын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов