Қоғам

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме

 

 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Юлия Грабовецкая бұл оқиға маған жақсы таныс дейді. Поляк қызының туған-туысы сол бір қиын уақытта депортацияға ілігіп, Қазақстанға қоныс аударған екен. Ата-әжесінен тарих сырын естіп өскен ол өзінің дипломдық жұмысын «Саяси қуғын-сүргін кезінде поляктарды жер аудару» тақырыбына жазыпты.

 

Юлия Грабовецкая, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Дипломдық жұмысымда саяси қуғын-сүргін көрген поляк халқының өмірі баяндалады. Менің ата-бабам СҚО-на 1936 жылы жер аударылған. Сөйтіп, қазақ жеріне сіңісіп кетті.

 

Жалпы, еліміз бойынша 130 мыңға жуық адам қуғынға ұшыраған. Оның ішінде 1 мың 465 солтүстікқазақстандық азамат ату жазасына ілегіп, 6 мыңнан астамы түрмеге қамалған. Ал, 64 мыңға жуық адам біздің облысқа жер аударылыпты. Содан жаңа ауылдар пайда болып, инфрақұрылым дамыды дейді тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов.

 

Нұрболат Әбуов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты:

-Репрессия кезінде біздің өңірге поляктар, немістер, кавказдық ұлт өкілдері келіп қоныстанды. Олардың барлығы Сталиннің қатал саясатынан зардап шегіп, амалсыздан арнайы қоныстану мекендерінде өмір сүрді.

 

Көрмеде жастардың назарына жерлестеріміздің өмірбаяны мен саяси қуғын-сүргін кезінде қарындашпен салған суреттері ұсынылды. Мұндай жәдігерлер көп болмағанымен, құнды екендігі күмәнсіз. Мұражай қызметкерлері іс-шараның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні үлкен дейді. Ал, студенттер мен оқушылар қабырғаға ілінген мәліметтерді зор қызығушылықпен оқып жатты.

 

Біржан Қойшыбаев