Билік

Облыс әкімдігінің кезекті отырысы

 

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе өңір аумағын дамыту бағдарламасының жүзеге асуы. Былтыр өлкенің жалпы ішкі өнімі 677 млрд. теңгені құрапты. 116 млрд теңгенің түрлі қызметі көрсетілген. Десе де облыстың әлеуметтік- экономикалық  даму көрсеткіштері тек 80,2 балға тұрақтапты. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 12,4 ұпайға кем.

 

Зияден Молдағанапов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Уәлиханов ауданында бұл көрсеткіш 85,6 пайызға жетті. Жағдай ұн үгу өндірісі көлемінің азайғанына тікелей қатысты. Айыртау ауданында көрсеткіштің әлсіреуі сүт пен ет өнімдерінің кемуіне байланысты. Облыс орталығында жүк вагондарының өндірісі баяулап қалды. Өндіріс ошақтары шығаратын өнімдердің 60 пайызы машина жасау саласының үлесінде.

 

Өңір жетекшісі мал өнімінің күрт түсуіне жол берген ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Абдоллаевтың жұмысын сынға алды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Мал шаруашылығы қашанда Сіздің қарауыңызда болды. Ірі қара басы 2 есеге азайды. Сондықтан көрсеткіш ақсап тұр. Бұны сізден артық ешкім білмеуі тиіс. Қойған сұрақтарыма мардымды жауап қайтара алмай тұрсыз.

 

Сондай-ақ Самат Ескендіров кәсіпорындарда межеленген жоспардың орындалмауы биыл қайталанбауын талап етті.

 

Тотыкамал Күлжанова, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

– Жыл басынан жоспарға сай жұмыс жасап жатырмыз. Тіпті кей көрсеткіштер бойынша алда келеміз. Биылғы тапсырыстар уақытымен игерілуде.

 

Алғашқы медициналық жәрдем көрсету жағы да сыр берген.

 

Анатолий Ко,СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 630 дәрігер кәсіби біліктілігін шыңдады. Орта медициналық қызметкерлер де толық. Санитарлық көмек көрсетуді жөнге келтірдік.

 

Облыс әкімі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, мәдениет және табиғи рессурстарды пайдалануды реттеу басқармасындағыларға да сылбырлықты доғару керектігін айтты. Мақсаттық индикаторлардың орындалмауы бірінші кезекте экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының олқылығы деді.

 

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Маңызды бағдарламаны үйлестіру сіздің басқармаға жүктелген. Бірақ бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Бағдарламаның жүзеге асу барысын бақылау жағы да нашар. Әр салада туындаған мәселелерді шұғыл шешудің жолдарын ұсыну керек. Барлық аудан әкімдеріне де қарап қалмай олқылықтарды түзеуді тапсырамын.

Кейін отырысқа жиналғандар “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жүзеге асуын талқылауға ден қойды. 2010 жылы ендірілген жобаны өңірімізде іске асыруға 4 млрд теңгеден артық қаржы құйылыпты. Кәсібін қаржылай суықтыруға ниет танытқан мыңға тарта іскер азаматтың өтініші қаралды. 160-тан артық жоба мемлекеттің қолдауын тапқан. 2 мыңға тарта жаңадан жұмыс орны құрылды. Оншақты кәсіпорынның инфрақұрылымы жаңғыртылды. 1200 адам бизнесін тиімді жүргізудің қыр-сырына оқытылыпты.

 

Тотыкамал Күлжанова , СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

– 2013 жылы бұл бағытқа бөлінген республикалық трансферт 21 пайызға артық. 2,3 млрд теңгенің 57 пайызы несиені кепілдендіріп субсидиялауға жұмсалды. Инфроқұрылымды жаңғыртуға 1,7 млр теңге бағытталды. Өңірдегі белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің 4 пайызын қамтыдық. Бұл жөнінен республика бойынша 7 орында келеміз.

 

Бүгінде белсенді жерлестеріміздің 76 өтініші қарастырылып жатыр. Алайда өңірге тиесілі қолдау қаржысы таусылып қалыпты. Азаматтардың өтініштерін қанағаттандыруға қосымша 300 млн теңге қажет екен.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– “КазаАгро” АҚ қаржылай қолдау қоры бәріне бірдей жетпей жатады. Мал және өсімдік шаруашылығына қатысты жобаларды екінші деңгейлі банктер арқылы өткізуге болады. Кейін несиенің үстеме ақысын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бекіткен мөлшермен өтей аламыз.

 

Кейін балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Биылғы демалыс маусымында өңір бойынша 19 сауықтыру лагері жұмыс істемек. Алғашқы лек маусымның 10-ы қабылданады. Мүгедек, жетім және әл-ауқаты төмен отбасылардың 4 мыңға жуық бүлдіршіні тегін демалу мүмкіндігіне ие болмақ.

 

Павел Филиппов, СҚО ТЖД бастығы:

– Өткен жылы 12 лагерьде өрт қауіпсіздігі ережелері талаптары мүлтіксіз орындалды. Биыл бұл талапқа тек 11-і жауап береді. Өзге сауықтыру мекемелерінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Көбінде таза ауыз су мәселесі шешілмей отыр. Айыртау ауданында тіпті жөндеу жұмыстары әлі басталмапты да. Облыс әкімі барлық олқылықтарды маусым ашылғанша жоюды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ең бастысы бүлдіршіндердің қауіпсіздігі. Демалыс лагерьлерінің есіктері 15 күннен кейін ашылады. Әсіресе аудан әкімдері балалардың сапалы сауығуын қамтамасыз ету керек. Жөндеу жұмыстарына қарқын қоспасақ үлгермей қаламыз.

 

Уәлиханов және Тайынша аудандарында жазғы сауықтыру лагері мүлдем жоқ екен.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Тайынша – ірі аудандардың бірі. Бұл шаруа неліктен кенжелеп қалғаны түсініксіз. Бір амалын тауып, жұмысты жандандыру керек. Қажетті жер телімін бөлу керек. Кейін құрылыс жоспарын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына кірістіреміз. Облыстан балалардың демалған уақыты қаржылай қамтылады. Сонымен қатар кәсіпкерлік дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

 

Сондай-ақ шәкірттерді электронды оқыту жүйесі қарастырылды. Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды тұрғынжаймен қамту жағы да назардан тыс қалмады. Бүгінгі күні осындай 556 адам баспана кезегінде тұр.

 

Жеңіс Ермұқанов