Қоғам

Мемлекеттік рәміздерге қатысты заңбұзушылықтар азайған

 

 

Әрбір мемлекеттің елдігі мен егемендігін айқындайтын басты белгілері – ол мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік стандартқа сай рәміздерді дайындау мен қолдануда оның пішіні, көлемі, сипаттамасы мен түстердің үйлесімді гаммасына жоғары талаптар қойылады.

 

Вадим Маршаков, Техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Мемлекеттік символдар туралы жазылған басты құжат – ол ҚР “Мемлекеттік рәміздері туралы” конституциялық заң. Мемлекеттік стандартқа сай, тудың түсі аспан түстес көгілдір және алтын түстес сары болып белгіленген. Біз жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен кәсіпорындарды тексеріп, мемлекеттік рәміздерге қатысты талаптардың сақталуын қадағалаймыз.

 

Ағымдағы жылы мұндай 68 тексеріс жүргізілген. Оның барысында 13 рет ереженің бұзылғандығы анықталыпты. Олардың негізі мемлекеттік ту матасының ескірумен байланысты екен.

 

Вадим Маршаков, Техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Алдыңғы жылдары мемлекеттік рәміздерге қатысты жүргізілген тексеріс барысында заңбұзушылықтар көбіне ескі ту мен елтаңбаны қолдануға қатысты болатын. Түсі оңып кеткен немесе кірлеген рәміздерді қолдану сынды жағдайлар да ұшырасатын. Қазір мұндай олқылықтар көп кездеспейді.

 

Көбіне мемлекеттік ту матасының ескіріп немесе түсінің оңып кетуі ауа райына да байланысты дейді бұл жағдайды қадағалаушы мамандар. Мемлекеттік рәміздерді қолдануға байланысты талаптардың толық сақталуын әр органда арнайы комиссия қадағалайды. Еліміздің егемендігін айғақтайтын символдарды қадірлеу – әрбір саналы азаматтың парызы. Сондықтан да мемлекеттік рәміздерге деген құрметті әркім өзінен бастағаны дұрыс.

 

Әспет Әбдірешова