Балалар

Өңірде студенттердің еңбек маусымы басталды

 

 

Студенттердің құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарының қатарында жалпы 1000-ға тарта студент ерікті түрде жазғы жұмыстарға араласады. Студенттік еңбек отрядтарының қатарына алынған жастарды жаңа маусымның ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жастарды еңбекпен қамтуға мүмкіндіктер жасалған. Жастар тәжірибесінің аясында ағымдағы жылы облыста жастар үшін қосымша 763 жұмыс орындарын ашу жоспарда бар. Ол үшін республикалық бюджеттен 136 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Студенттердің еңбек биржасы да жұмыспен қамтамасыз етуде сіздер үшін зор мүмкіндік.

 

Ағымдағы жылы студенттердің еңбек биржасы арқылы 2000-ға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Осы жылы «Жасыл ел» жасағының қатары екі есеге артқан. Еңбек жасақтарындағылар алдағы жаз маусымы өздері үшін пайдалы әрі қызыққа толы өтеді деген сенімде.

 

Гауһар Нұрмағамбетова, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

Мен осы жылы «Жасыл ел» отрядына алғаш рет кіріп отырмын. Мен үшін «Жасыл ел» жаз уақытындағы табыс қана емес, сонымен қатар қоғамдық жұмысқа белсенді араласу, туған өлкеме көмек деп санаймын.

 

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, жастар қандай істі қолға алсақ та оны бірлесе атқарамыз дейді. Студенттердің құрылыс отрядтарының қатарына енгендердің көпшілігі үшін жазғы кәсіптері өздерінің мамандықтарына да қатысты болмақ.

 

Сәбит Балғарин, студенттік құрылыс жасағының командирі:

– Біз болашақта құрылыс саласының мамандары болып шығамыз. Сондықтан да бізге жақсы тәжірибе керек. Сол себепті жазды өзіме пайдалы етіп өткізуді жөн санадым.

 

Жастардың еңбек маусымының ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Ал кейін еңбек жасақтарының алғашқы тобы өздерінің жұмыс орындарына жолға шықты.

 

Әспет Әбдірешова