Қоғам

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу

 

 

Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында бірнеше мәселе қаралды. Алдымен 2013 жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындыланды. Комиссия елтаңба, әнұран және тудың пайдаланылуын үнемі бақылап тұрады. 170-тен астам тексеру жүргізген. Көп жағдайда олқылықтар мемлекеттік ту матасының зақымдалуына байланысты болған екен.

 

Руслан Әлішев, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

-Ауа райының қолайсыздығынан, желдің қатты соғуынан тулардың түсі өзгереді. Кей жағдайда жыртылып та жатады. Комиссия отырысында  туды алмастыра алатындай, көбірек сатып алу ұсынысын жасағанбыз.

 

Жыл басынан 1500 байрақ жаңасына алмастырылыпты. Мемлекеттік символдарға қатысты өзге ережелерді де сақтамайтындар баршылық. Заңға сәйкес,   Әнұранды орыннан тұрып, оң қолды жүрек тұсына қойып орындау қажет. Бұл тәртіпті бұзған азаматқа 200 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салу қарастырылған. Комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ережені сақтамау – Республикамызды құрметтемеудің белгісі екенін атап өтті.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары, ҚР мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссиясының төрағасы:

-Мемлекеттік рәміздерге көңіл бөлуіміз – бұл мемлекет және қоғамның жетілуінің көрсеткіші. Бұл маңызды мәселе. Жиында айтылған олқылықтар мемлекеттік орган басшыларының мемлекеттік нышандарға және жұмысқа деген көзқарасын көрсетіп отыр.

 

Аудандардағы жағдай жайлы әкімдердің орынбасарлары баяндады. Айыртау ауданында биыл 2 тексеру жұмысы ұйымдастырылған. Нәтижесінде 12 заңбұзушылық анықталды. Негізінен жарықтандыру, елтаңбаны орналастыру жағынан ағаттықтар кеткен. Кей жерлерде көк байрағымыз нормаға сай болмай шықты.

 

Мафруза Науанова,Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

-Барлық олқылықтарды жойдық. Аудандық мәдениет үйінде елтаңба орнаттық және құны 220 мың теңге болатын жаңасына тапсырыс бердік. Аудандық аумақтық инспекциясындағы маңдайша жазуы, ал аудандық мәслихатта еліміздің әнұраны бар стенд ауыстырылды.

 

Мемлекеттік символиканы насихаттау жұмыстары жалғасуда. Аймақтың әр жерінде мемлекеттік рәміздердің суреті бар 100-ге жуық банер және жайма тақталар орнатылды. Білім ошақтарында тақырыптық бұрыштар ұйымдастырылды.

 

Айдана Демесінова