ТКШ

«ТКШ-ны жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру барысы

 

 

Виктор Шукан күрделі жөндеуден өткен жылу пунктіне күнде келеді. «Пионер» ПИК-ң төрағасы үнемі есептеу құрылысындағы көрсеткішті бақылап тұрады екен. Осы қыста мұнда жылу алмастыратын және жылу энергиясын есептейтін жаңа қондырғы орнатылған. Бұл жабдыққа Жамбыл көшесіндегі 127-ші үйдің тұрғындары «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы арқасында қол жеткізіпті. Енді олардың үйінде ұдайы жылы су ағып тұрады. Онымен қоса, біраз ақша үнемделеді.

 

Виктор Шукан, «Пионер» ПИК төрағасы:

-Қондырғыны орнатқаннан кейін судың сапасы да жақсарды. Әрі үнемдейтін болдық. Төлемдердің азайғанын көргенде барлығы қатты таң қалды.

 

Жерлестеріміз бұл мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін алғаш рет пайдаланып тұрған жоқ. 2011 жылы баспананың шатыры мен балкондарын қалыпқа келтірген. Тың жоба шеңберінде сан алуан жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады.

 

Қанат Баймұхамбетов, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Бағдарлама арқылы кешенді ғана емес, шағын жөндеу жұмысын да жүргізуге болады. 2012 жылы бұл үйдің тұрғындары есептегіш құрылғысын орнатты. Осылайша жылуды 30 пайызға дейін үнемдейтін болды. Сондай-ақ жылу алмастырғыш орнатты. 1 миллион 600 мың теңге көлеміндегі несиені 7 жылға рәсімдеді. Енді 1 бөлмелі пәтер иесі ай сайын 400 теңгеден, ал 4 бөлмелі пәтердің иесі 800 теңгеден төлейді.

 

Жалпы қаламызда 1036 көппәтерлі үй бар. 570 пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Жыл басынан облыс орталығындағы 60 баспананың тұрғындары «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына қатысуға ниет танытыпты.

 

 

Сергей Худяков, ПИК қауымдастығының төрағасы:

-Бұл 50 жыл бұрын салынған, 2 подъезі бар 3 қабатты үй. Барлығы 30 пәтер. Осындай баспананың тұрғындары саны аз болғандықтан жөндеу жұмыстарына шамалары жетпейді деп ойлайды. Бірақ мына жерлестеріміз бұл шаруа қолдарынан келетінін дәлелдеді.

 

Бір жылдан кейін бағдарламаға қатысқан көпқабатты үйдің ауласына асфальт төсеу немесе балалар алаңын құру қарастырылған. Бұл үшін қажетті қаражат қалалық бюджеттен бөлінбек.

 

Айдана Демесінова