Мәдениет

«Мағжан көктемі» ғылыми-практикалық конференциясы

 

 

Қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлесін қосқан ақын  Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл  120 жыл. Айтулы оқиғаның қарсаңында ұйымдастырылған конференцияға қатысушылар Мағжанның өмір жолы, шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы жайлы сөз қозғады.

 

Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Осы қазір еліміз тәуелсіздігімен мақтанатын болса, сол тәуелсіздіктің үлкен идеологы, оны жан-жағынан қалыптап, өзінің өлеңімен, мақалаларымен, баспасөздегі қызметімен тәуелсіздік үшін күресіп өткен адам. Сол жолдан қайтқан жоқ, сол жолда жанын қиды.

 

Мағжан махаббатты жырлады. Ел мен жерге деген сүйіспеншілігін поэзиясына арқау етті. Жалындаған жастарды отансүйгіштікке шақырды. Ақынның шығармашылығына арналған «Мағжан көктемі» атты өнер фестиваліне республиканың өзге өңірлерінен келген әдебиетсүйер қауым да бүгінгі жиынға қатысты. Солардың бірі жақында жерлесіміздің «Тұранның бір бауында» атты өлеңіне ән шығарыпты.

 

Тоғжан Жахин, Астана мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрінің әртісі:

– Бұл кісінің өмірі қиын болған ғой. Өлеңдерінің көбісі ауырлау, көбісі әнге келе бермайді. «Тұранның бір бауында» деген өлең қатты ұнады маған. Лирикаға өте жақын. Сол өлеңді толқып оқып отырып, үш сағаттың ішінде жазып тастадым осы әнді.

 

Айзат Қарабекова, Президент оркестрінің әншісі:

-Басында Тоғжан аға осы әнді бергенде түсінген жоқпын. Сөздеріне қарағанда ауырлау сияқты болды. Әнді өңдеп, қосып жазғаннан кейін, әннің мазмұны ашылды. Өзімнің дауысыма келетін лирикалық ән.

 

Сонымен қатар бұл күні конференцияға қатысушылар «Мәңгілік аты – Мағжан» кітаптар көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

 

Әспет Әбдірешова