Көлік және жолдар

Жол жөндеу жоспарының 10 пайызы орындалды

 

Өңірімізде 7,5 мың шақырымнан артық автомобиль жолы бар. Оның 1468 км. облыс арқылы өтетін республикалық маңыздағы трасса. Жартысынан астамы аудандарда орналасқан.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:

– 40% күрделі, 29% орташа жөндеуді талап етеді. 2012 жылы жолдарды қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 735 млн теңге бөлінген, биыл 2 млрд. 609 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан құйылған қаржыны қоса алғанда 5 млрд 149 млн теңге бағытталады.

 

Қолданыстағы тас жолдардың дені өткен ғасырдың 70 жылдары төселіпті. Облыс әкімінің тапсырысымен жүргізілген соңғы сараптама бар жолдың 69 пайызы әбден тозып бұзылғанын көрсетіп отыр. 22 участікті шұғыл жөнге келтірмесе, мүлдем жарамсыз болып қалмақ. Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде тым өзекті.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:

-Покровка-Корнеевка -Тайынша-Чкалов бағытындағы тас жолды жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Осы жұмыс Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарын байланыстыратын трассаның жөнделіп қалуына сеп болады. Бұл өз кезегінде екі республикалық маңызды жолдың арасындағы жолды жөнге келтіреді.

 

Ауылдарға да ден қойылып, ауданішілік жолдар да назарсыз қалмайды . Бұған “Жұмыспен қамту-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 491 млн теңге жұмсалады. Бүгінде бұл жұмысты еңсеруге 10 шақты мердігер тартылған. Техника мен адам күші жеткілікті. Бар жоспардың 10 пайызы орындалыпты.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:

Тайынша-Чкалово,Становое-Новомихайловк, Корнеевка-Горное, Архангелка-Пресновка арасындағы жолдарға күрделі жөндеу жасалып жатыр. Ауа райы сәл қолбайлау болып тұр. Десе де жоспарланған бар жұмысты үстіміздегі жылдың қазан айына дейін аяқтауды межелеп отырмыз.

 

Бұл шаруа тындырылса, 235 елді мекендегі көлік қатынауы біршама жақсарып қалады.

 

Жеңіс Ермұқанов