Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар Есіл бойымен саяхатқа шықпақшы

 

 

Әуелі балықшылар, әдеттегідей, көпшілікпен балық аулауға шығамыз деп ойлаған. Бірақ, бәрі бұны өзара талқылай келе, сүйікті істі мемлекеттік мерекемен ұштастыруды жөн көріпті. Бұл пайдалы, қызықты әрі тәрбиелік мәні де бар дейді олар.

 

Василий Бородай:

-Осылайша адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға баулып, Есіл өзенінің сұлулығын паш еткіміз келеді. Жергілікті жердің туризмдік мүмкіндігін пайдалану қажет деп ойлаймын. Сапар барысында балықты да аулаймыз.

 

Десе де, бұның қаншалықты қызық болғанымен қауіпті екенін де естен шығармаған жөн. Сол себепті, балықшылармен бірге құтқарушылар да еріп жүреді. Маршрут белгілі. Олар Сергееввка қаласынан бастап, Мичурино селосына дейін 300 шақырымды 10 күнде басып өтпекші.

 

Василий Бородай:

Әрине, арасында біз әрбір 30 шақырымнан кейін тынығып отырамыз. Тамақтанып алғаннан кейін сапарымызды тағы жалғастырамыз. Тек өзіміздің күшімізге ғана сенеміз. Командаға тәжірибелі жігіттер таңдап алынған. Ең үлкенінің жасы 47-де болса, кішісі 23 жаста.

 

Балықшылар қазір қайықтарын қайта-қайта тексеріп дайындап жатыр. Шамамен 10 адам мінген 10 қайық Қазақстанның көк туын желбіретіп, маусымның 4-і таңғы сағат 5 кезінде жолға шығады. Батыл балықшыларға сәт-сапар тілейміз.

 

Данаш Хамзина