Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау

 

Үкімет үйінде өткен отырыста мүгедектерді әлеуметтік қолдау мәселесі қаралды. Өткен жылы 96 мың жарым жанға түрлі жәрдем көрсету үшін 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Елімізде бұл әлеуметтік топтағы азаматтардың денсаулығын жақсартуға көп көңіл бөлінуде. Әсіресе, протез-ортопедиялық көмекке сұраныс жоғары. Былтыр мұндай қызмет 16 мың 700 адамға көрсетіліпті. Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 68 пайызы жұмыс істеуге қауқарлы. Оның 12 пайызы ғана екі қолға бір күрек тапқан көрінеді. Үкімет басшысы Серік Ахметов мүгедектерді еңбекпен қамтуға үлкен мән беру керектігін атап өтті. Әлеуметтік нысандарда  жарымжандарға қолайлы жағдайлар жасалып, арнайы қондырғылар орнатылуда. Білім беру мәселесі де көлеңкеде қалмауы тиіс деді Премьер-Министр. Мемлекетімізде мүгедектерге арналған 102 такси жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның саны ұлғаймақ. Серік Ахметов отырыста көтерілген барлық мәселенің түйінін тарқатуды тапсырды. Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін бұл мәселе өңір деңгейінде талқыланды. Қаламыздағы мүгедектер қауымдастығында 600 адам бар екен. Олардың барлығы жергілікті билік өкілдері тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға разы. Әлеуметтік такси қызметін ҰОС қатысушылар ауруханаға барғанда ғана пайдалана алады екен. «Қалалық мүгедектер қауымдастығы» ҚБ төрайымы әлеуметтік такси көрсететін қызмет ауқымын ұлғайтуды сұрады. Жиында Әлеуметтік маңызға ие нысандарда жарымжандарға жасалатын жағдайлар да сараланды. Бұл төңіректе аймақта біраз олқылық орын алған екен.

 

Жанахмет Тащығұлов, СҚО бойынша әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің басшысы:

-21 жаңадан салынған объектіні тексердік. Нәтижесінде 9 нысанда ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» заңы сақталмағаны анықталды. Яғни пандустар және өзге де жарымжандарға қажетті техникалық құрылымдар болмаған. Оларға тиісті шаралар қолданылды.

 

Ал СҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бастығы Қуаныш Мұқажанов жыл басынан 10 жаңа нысанды қабылдамағанын алға тартты. Себеп – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайдың қарастырылмауы.

Қаламызда 239 көлік бар екен. Оның алтауы ғана мүгедектерді тасымалдай алады. Зағиптар қауымдастығының өкілдері стационарлық емделуге қол жеткізе алмай жүргендігін айтты. Жиын соңында облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасы мен өзге де ведомство басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Анатолий Ко,  зағиптарды стационарлық емдеу мәселесін бақылауға алыңыз. Мәселені жан-жақтан қарастырып, кейін бар жағдайды маған баяндаңыз. Мәселені шешуге қол ұшымды беруге дайынмын. Әлеуметтік қорғау және бақылау, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменттерінің басшылары нысандарды жақсылап тексеріңіздер. Олқылықтар болса, қабылдамау керек.

 

Айдана Демесінова