Мәдениет

Н. Погодин атындағы орыс драма театры 126-шы маусымын жапты

 

 

Театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Кәрімжанов өткен маусым көрермендерге рухани азық болар қойылымдарға толы болды дейді. Жылды қорытындылайтын маусымжабарға да өнер ұжымы ерекше бағдарлама әзірлепті.

 

Тимур Кәрімжанов, Н. Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Сахналаған әр қойылым көрерменнің көңілінен шықты. Біз өнер сүйер қауымды селт еткізер таңдаулы спектакльдердің жиынтығын құрдық. Кезекті маусымды осылайша жапқан дұрыс деп ұйғардық. Еңбегіміз еленетініне сенімдімін.

 

Солтүстікқақстандықтарға орыс театры биыл “Трактирщица”, “Русский секрет”, “Қарагөз” спектакльдерін ұсыныпты. Жалпы театр труппасымен ортақ бағдарламаға 15 шығарманың үзіндісі кірістірілген. Киелі сахнаға тәжірибелі актерлермен қатар жас әртістерде шықты. Оксана Дергачева үлкен сахнаға биыл ғана көтеріліпті. Дарынды қыз шеберлігімен танылып, екі бірдей спектакльдің бас рөлін сомдап үлгерген.

 

Оксана Дергачева, Н. Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:

– Мен өнер колледжін тәмамдап, бірден труппа құрамына қабылдандым. Басында қатты қобалжыдым. Көрермен жақсы қабылдады. Тәжірибелі әріптестерім қол ұшын беруден аянбайды. Ұжымға сіңісіп кеттім.

 

Өнер ұжымы 127-ші маусымның көрермендерін де жаңа қойылымдармен қуантамыз дейді.

 

Жеңіс Ермұқанов