Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс кәсіпкерлерінің өзекті мәселелері талқыланды

 

Бүгінде “Дүниежүзілік банктің” рейтингі бойынша қазақстандық кәсіпкерлік саласы 185 елдің арасында 49-орынға тұрақтаған. Даму қарқынымыз Кедендік одақтағы әріптестерімізден де біршама  ілгері. Бұның бәрі мемлекеттегі қаржылық бағдарламаларды дұрыс үйлестірудің жемісі деді жиынды ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров. Әлемдік нарыққа енуде Елбасы біріншіден кешенді түрде халықаралық талаптарға сай келетін кәсіпорындардың қатарын арттыруға басымдық беріп отыр. Бәсеке болған жерде санмен қатар сапаның да артатынын бизнесмендер жақсы түсінеді. Биыл ғана облыстағы шағын кәсіпкерліктің саны 23 пайызға өсіпті. Қазір өңір бойынша 111 мыңға тарта адамды тұрақты табыс көзімен қамтыған 24 мыңнан артық бизнес субъектісі тіркелген.

 

Тотықамал Құлжанова, СҚО өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы:

– Елімізде түрлі мемлекеттік қолдау механизмі жұмыс істейді. «Экспортер» бағдарламасы аясында өнімін сыртқа тасымалдайтын кәсіпкер шығынының тең жартысын үкімет өтейді. Оның мүмкіндігін 8 серіктестік байқап көрді. «Бизнестің жол картасы» аясында 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылды. 1 200 адам өз ісін тиімді жүргізу тәсілдеріне оқытылды.

 

2013 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” жобасын облыста жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден артық қаржы бағытталды. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге ниет танытқан жергілікті кәсіпкерлер қаржылай сауықтырылып, жеке ісінің іргесін кеңейтуде. Инженерлік желілер мен инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Қомақты демеудің арқасында өндіріс ошақтары жыл басынан 79 млрд теңгенің өнімін шығарды. Тауар айналымы 1,5 есеге көбейді. Жуық арада өңір кәсіпкерлеріне бір терезе жүйесі бойынша сапалы қызмет көрсететін орталық құрылмақ.Жиында өз ісін дөңгелетемін деген азаматтар өз сұрақтарына жауап алды. Көбін бизнесін жарықпен үздіксіз қамту мәселесі алаңдатады екен.

 

-Мен дәмханаға жарық тарту үшін 1 жылдан артық жүрдім. Тоқ көзіне қосу үшін энергетиктер 5 млн ақша талап етті. Әйтеуір мақсатыма жеттім, енді кейде электр энергияны ескертусіз ажыратып тастайды. Бұл бизнес жүргізуге тым қолайсыз.

 

-Біз өтінішті 1 айдың ішінде қанағаттандырамыз. Және қызметіміз де тегін. Жарықты ескертусіз сөндіру мүмкін емес. Қарыз болғанның өзінде ескерту жасап, құнын өтеуге 1 ай уақыт береміз.

 

Алайда, залда осы тектес мәселелерге тап болған кәсіпкерлердің қатары қалың болды.

 

Қонысбек Ыбраев, Петропавл қаласының прокуроры:

– Бізге кәсіпкерлер көп шағымданады. Жарық тарту қызметі үшін энергетиктер 1 млн.- 10 млн. теңге ге дейін ақша талап етеді. Алдағы дүйсенбіден бастап бұл фактілерді тексеруге кірісеміз.

 

Осындай дау-дамайлар туындамас үшін “СевКазЭнерго” мен “Қызылжар-су” АҚ  “Атамекен” Ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалымен меморандум жасасты. Келісім бойынша коммуналдық қызмет тұрғысындағы шағымдар аталған ұйымда қаралатын болады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Өзара ынтымақтастық, меморандумындағы талаптар нақты істермен жүзеге асатынына сенімдімін. “Атамекен” Ұлттық экономикалық палатасы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Әрине, заң аясында. Екі жақ та бұл бастамаға барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Жеңіс Ермұқанов