Бизнес және экономика

«Еңбекпен қамту» бағдарламасын жүзеге асыру

 

Дархан Елеусізов ай сайын өткізілетін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін қалт жібермеуге тырысады. Жұмыссыздық мәселесі ол үшін алдағы уақытта еңбекпен қамту орталығының арқасында шешімін таппақ. Қазір ол электромонтер кәсібі бойынша үш айлық оқу курстарынан өтіп жүр.

 

Дархан Елеусізов:

– Өзімнің бұрынғы мамандығым бойынша мен зоотехник болып істегенмін. Қазіргі заманда менің ойымша әр адамға екінші, үшінші мамандық артық болмайды. Оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналастырмақшы бізді.

 

Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтетіндерге 12 000 теңгеден астам шәкіртақы төленеді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының әлеуметтік жұмыс орындары бағыты бойынша екі қолға бір күрек тапқандардың бірі – Бақытжамал Сәрсенбаева. Киім тігу, жамап-жасқау сынды жөндеу жұмыстарын жүргізетін ол «Гауһар» былғары салонында жыл басынан бері тігінші болып еңбек етуде.

 

Бақытжамал Сәрсенбаева:

– Бір жыл жүрдім жұмыс таппай. Жұмысым өзіме ұнайды. Тапсырыс та жақсы.

 

Еңбекпен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындары бағыты бойынша 150 адамды кәсіппен қамтамасыз еткен. Ал, «Жастар тәжірибесі» бойынша 50 жас маманға қызмет табылды.

 

Ксения Малахова:

-2012 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды туризм менеджері мамандығы бойынша тәмәмдадым. Жас маманға тәжірибесіз жұмысқа орналасу өте қиын. Кәсіп таба алмағаннан кейін еңбекпен қамту орталығына бардым. Осы орайда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өте тиімді деп ойлаймын.

 

Аталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылғалы бері 600-ден астам адам біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өтіп, кәсіп меңгеріп шықты. 397 жас маман жастар тәжірибесіне бағытталса, 873 қала тұрғыны әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан.

 

Әспет Әбдірешова