ТЖ

Құтқарушылардың оқу-жаттығуы

 

 

Құтқарушылар дабыл берілісімен тұрғындарды төнген қауіптен құтқаруға кірісіп кетті. Олар ең алдымен апаттың орнын анықтап алды. Одан кейін, бөгетке жақын жерде орналасқан Якорь мен Вишневка ауылдарына бағытталған қалдық су ағынына тосқауыл қойды. Ол үшін сол жерге құм төкті. Әйтпегенде, кәріздік желілерден құйылған қалдықтар тек екі ауылды ғана емес, сонымен қатар Есіл өзенін былғап, Түмен облысына да қауіп төндіреді. Сол себепті, мұндай жағдайда құтқарушылар сақадай сай болулары үшін бүгін өздерін жаттығу жұмыстарында сынап көрді.

 

Андрей Кладиев, СҚО ТЖД бөлімінің бас маманы:

– Оқу-жаттығуларға командалық-штабтық машина көмекке келді. Мұндай апаттық жағдайда бұл темір тұлпардың маңызы зор. Арнайы көліктің көмегімен өзгелермен байланыс орнатылады. Яғни, оқиғаның қандай жағдайда екенінен хабар бере аламыз. Мұнда ғаламтор және телефон бар.

 

Жаттығулар барысында жарылған дамбыдан жылжыған қалдық су Якорь мен Вишневка ауылдарына кіре бастады. Одан жергілікті тұрғындарға жұқпалы аурулар таралуы мүмкін. Өйткені, лас судан инфекция табылыпты. Сондықтан да құтқарушылар жергілікті тұрғындарды тез арада қауіпсіз жерге көшірді. Ал, инфекцияға шалдыққандарына жедел медициналық көмек көлігі жетіп келді.  Жаттығу жұмыстарына барлығы 24 техника мен 84 жұмысшы жұмылдырылды.  Оқу-жаттығу жұмыстары ойдағыдай аяқталды. Адамдар дін аман, инфекция ауыздықталды. Бөгеттің тесілген жері де тез арада бітелді.

 

Гүлбану Ахметова