Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте өткен кеңесте бірқатар өзекті мәселелер талқыланды

 

 

Облыста көктемгі дала жұмыстары қыза түсті. Биыл егіс  науқанын 4 млн. 338 мың Га аумақта жүргізу жоспарланған. Алқаптарда түгелімен ылғал жабылды. 3 мыңға тарта шаруашылық мамырдың 15-нен ырыс дәнін себуге кірісіпті. Бүгінде  меженің 23 пайызы еңсерілген.

 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бидай 855 мың Га жерге сіңірілді. Бұл – жоспардың 24%. Майлы дақылдар 192 мың Га-ға себіліп, бір жылдық шөп 22 мың, көпжылдық мал азығы 5 мың Га егілді. Танап басына мыңнан артық жоғары өнімді кешен шықты. Заманауи техникалар тәулігіне 200 мың Га жерге тұқым басуға қауқарлы.

 

Қажетті жанармайдың 95 пайызы агроқұрылымдардың қолында.Тұқым қорының 93 пайызы дәріленіпті. Бұл шаруа Айыртау, Уәлиханов, М. Жұмабаев аудандарында сылбыр жүргізілуде. Минералдық тыңайтқыштар да толығымен шашылмаған. Маңызды іске Ақжар ауданы немқұрайлық танытуда. Облыс әкімі бұл олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды. Астық егу үрдісінде тимирязевтық диқандар көш соңында. Аудан басшысы бұны жауын-шашынның көп түсуімен байланыстырып ақталуға тырысты. Самат Ескендіров Тимирязев ауданы әкімінің жұмысын сынға алып, ауызша ескерту жасады.

 

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Тимирязев ауданына 23 % жауын түсті. Айыртау ауданындағы ылғалдылық 31% құрайды. Ал Ғ. Мүсірепов ауданында бұл көрсеткіш тіпті 39% жетіп отыр. Десе де тың технологияларды қолданудың арқасында сіздерден әлдеқайда көбірек жерді игерді.

 

Жалпы көктемгі егісті 20 күннің ішінде аяқтау көзделген. Ғылым мен тәжірибені ұштастыру – мол астықтың кепілі. Облыс әкімі бұл жұмыс тындырылысымен бірден химиялық өңдеуге көшу керектігін тілге тиек етті.

Мал шаруашылығы әлеуетін арттыру мақсатында биыл облысқа 30 бас ірі қара әкелінбек. Бүгінде тек 6 мыңнан сәл артық торпақ алыныпты. Бірқатар аудандар жергілікті төлді асылдандыруға құлшыныс танытпай отыр. Өңір жетекшісі ауыл шаруашылығы басқармасындағыларға жоспарды уақытында орындау қажеттігін айтып, облыстық аумақтық инспекция басшысының жұмысын қатаң сынға алды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аумақтық инспекция мамандары жұмыла әрекет ету керек. Өздеріңіздің көрсеткіштеріңізді де білмей тұрсыз. Қайтып инспекцияны басқарып отырғаныңыз түсініксіз. Мұндай сылбырлықты қою керек.

 

Жиылғандар алдағы уақыттағы ауа райы мәліметімен таныс болды. Самат Ескендіров ауа райы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолбайлау болмау үшін бар тың технологиялық үрдістерді ендіруді тапсырды.

Өңірімізде 9 мың шақырымға тарта автомобиль жолы бар. Оның 1468 км. облыс арқылы өтетін республикалық маңыздағы трасса. Қолданыстағы тас жолдардың дені өткен ғасырдың 70-ші жылдары төселіпті. Соңғы сараптама 69 пайызы әбден тозып бұзылғанын көрсеткен. Оларды ретке келтіруге 5 млрд. теңгеден артық қаржы бағытталмақ.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінде 5255 шақырымдық жол жөндеуді қажет етеді. 40% күрделі, 29% орташа жөндеу жасау керек. Жолдар арқылы 1,5 мың шақырым су құбырлары өтеді. Оның 200 мыңнан астамы істен шықты. Бұл да өз кезегінде жолдың сапасына кері әсерін тигізеді. 36 көпірдің 12-сі апаттық жағдайда.

 

Биыл 162 мың тұрғыны бар 295 елді мекенге қатынау біршама жақсарады. Самат Ескендіров халық көп шоғырланған жерлердегі жолдарға бірінші кезекте көңіл бөлу керектігін алға тартты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Елді мекендерге телефон желісі тартылды, бизнес жақсы жолға қойылған. Жұмыс орындары құрылып, мектептер ашылды. Енді жол мәселесі ауылдық жерлерде өзекті болып тұр. Кез-келген есептік кездесуде көтеріледі. Сондықтан, әрбір мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін қалт жібермеуіміз керек.

 

Жиында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлер жайы да сөз болды. Бірқатар ауданда 2011 жылы салынуы тиіс баспаналар әлі қолданысқа берілмеген. Өңір басшысы құрылысы шегерілген үйлерді үстіміздегі жылдың тамызына дейін тапсыруды жүктеді. Ал Мамлют ауданындағы аталған мемлекеттік жобаның мүлдем жүзеге аспайтын түрі бар. Облыс әкімі аудан жетекшісі Қанат Қалиевке түсініктеме жазуын талап етті.

 

Жеңіс Ермұқанов