Без категории

Түркістан жауһарлары Петропавлға жетті

Мына залға қойылған жүзден астам жәдігердің барлығы Түркістан қаласындағы “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан әкелінген. Көрме «Көненің көзі», «Түркістанда жерленген тұлғалар» және «Сыр сақтаған тұмарлар»атты 3 бөлімнен тұрады. Мұнда тұмардың бірнеше түрі, білезік, атақты тарихи тұлғалардың мөр басқан жүзіктері, тостаған мен құмыра, құмандар қойылған. Бір атап өтерлігі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен оның айналасында 12-ші ғасырда жерленген қазақ хандары, билер мен батырлардың тізімі бар. Онда барлығы 164 адам жазылған. Сондай-ақ, белгілі тұлғалардың ішкі және сыртқы саясат жүргізгендегі құжаттары да жеткізіліпті.

Көрмеге әкелінген құнды жәдігерлердің арасында түпнұсқалы бұйымдар да бар. Олар  Хұмар мен Аспалы шырағдан. Сонымен қатар, мұнда келгендердің назары бірден ауатын Ахмет Яссауи кесенесінің үлгісі мен оның ішіндегі 14-ші ғасырда жасалған көлемі 3 мың литр, салмағы 2 тонналық тайқазанның көшірмесі де қойылыпты. Алғаш рет өткізіліп отырған “Түркістан жауһарлары” атты көрмені маусымның 16-сына дейін тамашалауға болады.

 

Гүлбану Ахметова