Құқық қорғау органдары

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары мектеп көмірімен өз үйін жылытқан

 

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары өз үйін мектептің көмірімен жылытқан! Өткен аптада осындай шу шығып, бұл оқиға барлық дерлік агенттіктердің сайттарында пайда болды. Мемлекеттік қызметкердің осылайша заңға қайшы әрекеттері, әрине, біздің арнаның назарынан да тыс қалмады. Бұл жайдың қалай аяқталғанын білу үшін облыстық прокуратура қызметкерлерінің көмегіне жүгіндік. Олар мәлімдегендей, оқиғаның басты кейіпкері – Ербол Багенов Пресновка ауылындағы «Атамекен-Агро» серіктестігінің 4 пәтерлі үйінде тұрған. Баспана тұрғындары коммуналдық қызметке бірлесе төлеп, пеш жағу үшін отынды да бірігіп сатып алуға тиіс еді. Алайда, өз қалтасынан ақша шығарғысы келмеген шенеунік үйіне 32,6 центнер көмірді мектептен тасыған екен.

 

Арман Құсанов, облыс прокурорының көмекшісі:

-Жамбыл аудандық прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеріс барысында И. Шухов атындағы Преснов орта мектеп-гимназиясы аумағынан заңсыз түрде көмір шығарылғаны анықталды. Аудан әкімінің орынбасары 3,5 тонна қара отынды үйіне жеткізген. Ербол Багеновтың нұсқауымен бұл мектептің аумағынан тағы 8 тонна көмір шығарылғаны да мәлім болды. Бұл отын өзге мемлекеттік мекемелерді жылытуға жұмсалып, оқу ошағынан алынған көмірді қайтармаған.

 

Осындай келеңсіздіктерді тудырған мемлекеттік қызметкер тиісті жазаға тартылды.

 

Арман Құсанов, облыс прокурорының көмекшісі:

-Жемқорлық әрекеттерге жол бергені үшін Багенов тәртіптік жазаға тартылып,  ескерту жасалды. Ербол Багенов заңсыз пайдаланған көмірдің орнын толтырды. Бұл сома 48 мың теңгені құраған .

 

Сәуірдің 26-сы Ербол Багенов аудан әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен босатылды. Бұл лауазымда ол 1-ақ жыл істеген көрінеді.

 

Айдана Демесінова