Қоғам

Петропавлда әкелер клубы бар

Өткен жылы облыста 4 мың 853 жаңа отбасы құрылған екен. Әділет департаментінің мәліметіне қарағанда, өкінішке қарай, осы күні әрбір екінші жұп ажырасуда. Жас жұбайларды, тіпті, отбасында өсіп келе жатқан балаларының тағдыры да алаңдатпайтын сыңайлы. Бұрынырақта әкесі жанұясын тастап кетіпті дегенді жиі естісек, қазір анасының үйінен кетіп қалуы үйреншікті жағдайға айналғандай.

Бұл үйдегі күнделікті жұмыстың бәрін отағасы атқарады. Тіпті, отбасылық суретте  де аналарына орын жоқ. Ол осыдан бір жыл бұрын ауыл өміріне көндіге алмай, Астанаға кетіп қалған. Ара-тұра тек қоңырау шалады.

 

Бауыржан Дербісов, жалғыз басты әке:

– Балалар анасын сағынып, оны еске алғанын байқамаппын. Біз қазір әдеттегі отбасылардай өз тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз. Тіпті, біздің жанұямызда ана болмағандай. Қолымыздан бәрі келеді.

 

Бауыржан сияқты жалғыз басты әкелердің саны облыста екі жүзге жуықтапты. Мәселелері мен күнделікті күйбең тіршіліктері ұқсас олар жақында бір ұйымға бірігуді жөн санаған. Осылайша, қазір бір-бірімен кеңесіп, кейде мерекелерді бірге өткізеді екен.

 

Александр Дробышев, әкелер клубының төрағасы:

– Жеңілдіктер жасаймыз. Қазір бір көзі мүлде көрмейтін мүгедек әкеге жәрдемақы төлеу үшін құжаттар жинастырып жатырмыз. Бір әкеге әлеуметтік балабақшадан орын тауып бердік.

 

Жанат Сейпиев, жалғыз басты әке:

– Біз тортты да өзіміз пісіреміз. Жалпы тамақ әзірлеу қолымыздан келеді. Бәріне де үйрендік.

 

Жалғызбасты әкелердің осындай жағдайы әйелдерді де таң қалдырмай қоймайды. Мұндай ер адамдарға қолдау мен құрмет лайық дейді олар.

 

Күләш Мәкенова, әлеуметтік педагог:

– Ер адамдарға әйелдің жұмысы ауыр. Кейде балаларының көйлегі кірлеу болып сабаққа келеді. Қанша дегенмен, бұл жұмыстарды атқаруға үлгермей жатады.

 

Әкелер клубы – Қазақстандағы осындай алғашқы ұйым. Жуық арада ол заңды түрде рәсімделеді.

 

Әспет Әбдірешова