Құқық қорғау органдары

Бір қылмыс екіншісін ашуға көмектесті

 

Полицияға көмек сұрап Петропавл қаласының тұрғыны барған. Айтуына қарағанда, қарындасы мен оның досын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары тұтқындар қамалып отырған пәтерді көп ұзамай тапты. Адам ұрлағандар тез арада ұсталды.  Олардың бірі – Есіл ауданының тумасы , бұрын сотталған екен, ал екіншісі  – оның танысы. Қазір күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 126-бабына сәйкес жеке бас бостандығынан айыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда, бұл  оқиға басқа қылмыстық істің  ашылуына себепші болды.  Полицияға шағымданып келген жігіт пен оның сыбайласы алаяқтық жолмен  бірнеше қалалыққа несиеге тұрмыстық техника алғызып, артынша товармен бірге  іздерін суытып отырған. Қазір осы қылмыстар бойынша сезіктілер қамауға алынған. Осы кезге дейін 10 қала тұрғыны алаяқтардың арбауына түскен. Тәртіп сақшылары алаяқтардың алдауынан жапа шеккен азаматтарға Петропавл қаласының ІІБ-на шағымдануға болатынын хабарлауда.

 

Әспет Әбдірешова