Спорт

Студенттер жүзуден жарысты

Жоғары оқу орындары студенттерінің арасында универсиада екі жылда бір өтіп тұрады. Жарысқа жоғары оқу орындарынан бұл жолы 7 құрама жиылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша жыл өткен сайын cуда жүзу спортына деген қызығушылық артып келеді. Негізінен, универсиада спорттың 31 түрі бойынша еліміздің әр қаласында өтуде. Жақында Шымкентте ұйымдастырылған президенттік көпсайыста жерлестеріміз 2-орын алса, Алматыдан волейболшылар 3-орынды иеленіп қайтқан.

 

Ербол Исатаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бұқаралық спорт жұмысы бойынша маман:

-Өткен 2011 жылға қарағанда командалар жақсы құралған. 7 халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар, олимпиадаларға қатысқан студенттер бар. Қазан қаласында  бүкіләлемдік универсиада болады, жеңімпаздар ҚР құрамасына іріктеліп, соған барады.

 

Бәсекелі додадағы мықты деген құрамалардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің командасы. Бұл спортшылар – 2011 жылы суда жүзуден өткен сайыстың жеңімпаздары.

 

Қуат Мақашев, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті құрамасының жаттықтырушысы:

– Бізде халықаралық жарыстарға қатысып жүрген балалар бар. Көбінесе, біз өзіміздің құрамамызға спортпен айналысып жүрген жастарды жинауға тырысамыз. Азия чемпиондары да бар.

 

Сайысты қыздар бастады. Еркін жүзуде олар 50 метрді  бағындырулары керек. Жалпы, жарысқа мықты деген құрамалар жиылған. Жергілікті команданың да бұл сайысқа әзірлігі жаман емес.

 

Дмитрий Гапотченко, ҚР спорт шебері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ құрамасының мүшесі:

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ құрамасы бұл сайысқа күнде дайындалды деуге болады. Бірінші орын алуға деген талпынысымыз бар. Біздің жастар өзін эстафеталық жарыста жақсы көрсетеді деп ойлаймын.

 

Сайыс үш күнге жалғасып, оның нәтижесі бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне бұйырса, екінші орын жергілікті құраманың еншісіне тиді. Ал, үздік үштікті Тараз педагогикалық мемлекеттік университеті тұйықтады.

 

Әспет Әбдірешова